Баласының басын таспен жарып, жол бойына шала-жансар күйде тастап кеткен қатыгез әкенің ісі сотқа түсті.
Алматы қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жақын күндері Мұрат Асқароғлының жантүршігерлік әрекетіне қатысты істі қарауды бастайды.
Атышулы іс 6 томнан тұрады. Күдіктіге екі бап бойынша айып тағылған. Ол енді «қылмыс жасауға» және «дәрменсіз күйде жатқан адамды өлтіруге» оқталғаны үшін жауап береді. Сотқа 6 куәгер шақыртылады.
Естеріңізге сала кетсек, маусым айында Шығыс айналма тас жолының бойындағы тал түбінде ес-түссіз жатқан 4 жасар бүлдіршін табылған болатын. Бастапқыда полицейлер баланы көлік қақты деген болжаммен өмірде жоқ жүргізушіні ұзақ іздеген еді. Артынша, бүлдіршінді туған әкесі өлімші етіп ұрып, тағдыр тезіне тастап кеткені белгілі болды.