Алматыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан Түркия азаматы қылмыстық жауапкершіліктен құтылды. Өйткені, екі тарап ортақ мәмілеге келді. Жәбірленуші өзін оңдырмай ұрған жігітке кешірім бергендіктен, тіпті сот процесінде төбе де көрсетпеді. Белгілі болғандай, Әли Демир Николай Кучманың материалдық және моральдық шығынын толық өтеген.
Зейнеткердің жағасына жармасып, соққының астына алған қызуқанды Әли Демир бұл жолы сотта өзін байыпты ұстады. Назарын төмен салған күйі жақ ашпады. Ол тек аудармашымен тілдесті. Ал оның қорғаушысы процесс басталмай жатып, судьяға бірден талап-тілектерін жаудырды. Адвокат екі тарап келіскендіктен, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Кеңесу бөлмесіне шыққан қазы 1 сағатқа үзіліс жариялады.
Нәтижесінде, Алмалы аудандық соты екі тараптың ортақ мәмілеге келгеніне алғап тартып, Әли Демирді заң аясында қылмыстық жауапкершіліктен босатты.
«Әли Демирдің жасаған қылмысы жеңіл санаттағы заңбұзушылыққа, яғни ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігіне жатады. Онда сот санкциясымен 2 жылға дейін қамау қарастырылған. Осыған байланысты қылмыстық іс 68-баптың 1- бөлігіне сәйкес тоқтатылды. Егер заң бұзушы кінәсін мойындап, жәберленуші тараппен татуласса, онда сот қылмыстық істі тоқтатуға міндетті. Осыған байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Әли Демир қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», – деді Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат ИМАНҚҰЛОВ.
Еске сала кетейік, 18 қыркүйекте Алматыда дабыл белгісін қосып, науқасты ауруханаға әкеле жатқан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі соққыға жығылды. Оқыс оқиға Мақатаев көшесінің бойында болды. Жеңіл көлікті тақымдаған жүргізуші жол бойы 2 рет жедел жәрдемнің алдын кес-кестеп, жол бермей келген. Оған қоса, 28 жастағы жігіт ашуға мініп, жолдың қақ ортасында Николай Кучмаға жұдырық ала жөнелген. Соққыдан зейнеткер жарақат алып, ауруханадан өзі бір-ақ шықты.
Бұл жайт қоғамда кең талқыланып, наразылық тудырған-ды. Әлеуметтік желі белсенділері тіпті, айыпкер шетелдікті елден алыстатуды талап етті. Дегенмен, оқиғаға қатысты соттың ұйғарымы «Алдыңа келсе, әкеңнің құнын кеш» дегенге саяды.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы