Қазақстанда тегін баспана кезегінде тұрғандар қатары қысқартылмақ, тізімдегі 19 санаттан тек 8-і ғана қалады.
Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй қорынан (кезекте тұрғандар) тегін баспана алушылар санатын қысқарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі тұрғын үй қатынастары туралы заң жобасының тұжырымдамасын көпшіліктің талқылауына шығарды.
Тұжырымдамаға сәйкес, қазіргі пәтер алушылардың 19 санатын біршама қысқарту көзделген. Тегін баспана алушылар тізімінен оралмандар мен зейнеткерлер де шығарылмақ.
1. Оралмандар
Тұрғын үй кезегін күтудің орташа мерзімі шамамен 10 жылды құрайтынын ескерсек, аталған кезеңде оралман мәртебесі жойылады және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 73-бабы негізінде аталған тұлғалар тіркеуден алынып тасталады. Бұл оралмандарды кезекке қосудың орынсыз екенін көрсетеді. Сонымен бірге, «Атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы», Қазақстан Республикасының заңдарына, Жер кодексіне сәйкес оралмандарға қосымша жеңілдіктер, көтерме төлемақы, сондай-ақ жеке тұрғын үйлер салу үшін жер учаскесін бөлу көзделген.
2. Әскер қызметшілер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері
Әскери қызметшілерді тұрғын үй төлемдері тетігіне ауыстыру көзделген.
3. Экологиялық апат, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан баспанасынан айырылған адамдар, сондай-ақ жалғыз үйі авариялық деп танылған азаматтар
Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы тәртіп қарастырылады. Сондықтан аталған санатты мемлекеттен тұрғын үй алуға құқығы бар халықтың әлеуметтік әлсіз тобының тізімінен алып тастау ұсынылады.
4. Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын тұлғалар
Аталған адамдардың тұрақты және лайықты жалақысы бар, сонымен қатар, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жеңілдік қарастырылған мақсатты бағдарламаларға қатыса алады.
5. Ғарышкерлерге кандидаттар, ғарышкерлер
«Мемлекеттік наградалар туралы» заңның 24-бабына сәйкес, «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған адамдар заңда белгіленген мөлшерде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заңға сәйкес «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған адамдарға 138,63 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы тағайындалады (аталған заңның 7-бабы).
6. Толық емес отбасылар
Саны бойынша өте көп санат – бұл халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары, олардың тек 102 397 адамы «толық емес отбасы» мәртебесінде. Бұл отбасыларда балаларды (баланы) ата-аналарының біреуі ғана тәрбиелеп отыр. Оның ішінде ажырасқандар да, жесірлер де бар. Коммуналдық тұрғын үй алуға кезекке тұру үшін жастар арасында жалған ажырасу жағдайлары да кездеседі. Статистика көрсетіп отырғандай, көптеген жас отбасы кезекке тұру құқығын және тұрғын үй алудың нақты мүмкіндігін беретін мәртебені алу үшін әдейі ажырасады.
7. Жасы бойынша зейнетке шыққандар
Азаматтар зейнеткер жасына жеткенге дейін өзінің жұмысқа қабілетті белсенді кезеңі ішінде мемлекеттік бағдарламаларға, ипотекаларға, жинақтауларға қатысу арқылы өзінің тұрғын үй мәселесін шешуі тиіс.
Осылайша, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тегін баспана алушылар тізімінде ҰОС мүгедектері мен қатысушыларын; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды; ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілгендерді; 1 және 2 топтағы мүгедектерді; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасыларды; Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдарды; көпбалалы отбасыларды; мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасыларын қалдыру көзделіп отыр.
Сурет / © Sputnik