Алматыдағы таулы курорттар арасына арқанжолдар тартылады

Алматыдағы таулы курорттар арасына арқанжолдар тартылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан туризмін дамытуға Алматы облысы белсенді қатысады. Тұмса табиғаты талайдың көз жанарын жаураған аймақ пен таулы демалыс орындарына инвестиция құйылып, арқанжолдар тартылады. Мәжілістегі Үкімет сағатында өзге елдің азаматтарын елімізге қалай тартып, қызықтыру керек екені сөз болды. Депутаттар ол үшін әуе кемесіне билет құнын арзандатып, тарихи орындарды қалыпқа келтіруді ұсынды.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алдағы 6 жылда ел туризмін мықтап қолға алмақ. Бүгінде жалпы ішкі өнімінің 1,3 пайызын құрайтын туризмнің үлесі 2023 жылы сегіз пайызға жетеді. Ол үшін министр он жоба атап өтті. Құжатқа Балқаш, Алакөл көлдері, Шарын шатқалы, ежелгі Түркістан аймағы, Маңғыстаудағы Ащысор, курорттық мекендер – Имантау-Шалқар мен Баянауыл, Астана маңындағы көшпенділер орталығы енген. Олардың арасында ең басты екпін Алматы облысында салынатын тау шаңғысы кластеріне түсіп отыр. Оның аясында таулы курорттар – Ақбұлақ пен Шымбұлақты, Қаскелең мен Түргенді байланыстыратын арқанжол тартылмақ. Бұл бастама жылына 13 миллион туристі тартуға ықпал етпек.

«Алматы өңірін өте жақсы білесіздер. Аталған аумақ тау шаңғысы саласын дамытудың ең ірі орталықтарының бірі бола алады. Себебі, қазіргі кезде бізде Шымбұлақ, Табағанда тау шаңғысы кластері, сондай-ақ өзге де нысандар бар. Егер біз бірінші кезеңде оларды өзара арқанжолмен байланыстырсақ, онда тау шаңғысы желісінің инфрақұрылымы пайда болады. Сөйтіп, қысқы демалыс түрлерінен бөлек, жазғы кезде жаяу жүру, атпен және велосипедпен серуендеу бағыттарын да дамыта аламыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Ал шет ел азаматтарын Қазақстанға тарту үшін жыл сайын 800 миллиард доллар инвестиция тартылады. Бұл іс болашақта да жалғасын таппақ. Алдағы уақытта кәсіпкерлер туризмге ыңғайлы 100 орынға ақша құяды. Инвестициялық портфелі 4 миллиард 900 миллион теңгеден асқан бизнес өкілі корпоративтік табыс салығынан – 10, жер салығынан 8 жылға босатылмақ. Құжатты тыңдаған халық қалауылары министрге өз уәждерін айтты.

«Мысалы, Бекет ата мешітін алайық. Адамдар барады, көптеп барады, әкім жол салып берді. Бәр жақсы. Бірақ зиярат етушілер көрпеде отырып, өздерімен әкелгенді ас етеді. Ол жерде бірде-бір кәдесый, туы бар дүңгіршектерді таппайсыз. Қарапайым әжетхана да жоқ. Инфрақұрылым жоқ. Бұл жерді бүкіл әлем біледі ғой», – деген мәселе көтерді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Тұрсын СЫЗДЫҚОВ.

«Бұл орындар ЮНЕСКО-ның мәдени құндылығына жатпайды. Қазақстанда ондай тек үш нысан бар. Олар – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Қамқорлық және Ұлы Жібек Жолының үшінші бөлігі. Әрине, бұл өте аз. Біз мәдени нысандарды ретке келтіру жұмыстарын республикалық тізімге кіретіндеріне ғана жүргізе аламыз», – деді Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Депутат Ирина Смирнова Ішкі істер министрлігіне төтесінен сұрақ қойды. Сауалында, тәртіп сақшыларының саяхатшылармен сөйлесу мәдениеті жоқ екені айтылған. Ведомство өкілдері бұл жекелеген жағдайда ғана орын алады деп қысқа қайырды. Осы ретте жауаптылар елімізге саяхаттап келгендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Туристік полиция» құрмақ. Олардың атқаратын қызметтері қазір нақтыланып жатыр. Мәдениет және спорт министрлігімен бірге қолға алған бұл шара туристердің елімізде жүріп-тұру қағидаларына да әсер етуі мүмкін.

«Біз Мәдениет және спорт министрлігімен осы сұрақ бойынша бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бірнеше сұрақты қамтыдық. Олардың бірі – Туристік полиция қызметі. Аталмыш қызмет өкілдері белгілі міндеттерді орындайтын болады. Қазір шетелдік тәжірибені зерттеп жатырмыз», – деді ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат ҚАБДЕНОВ.

Жыл соңына дейін Астана мен Алматы арқылы ұшатын Үндістан, Қытай, Иран сынды 128 елдің азаматтарына 72 сағатқа визасыз режим енгізіледі. Туристерді тартудың тағы бір тетігі – ұшақ билеттерінің бағасын арзандату. Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевтың айтуынша, ведомство бүгінге дейін балаларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға арналған жеңілдіктер енгізген. Билет құнын одан да төмендету бірнеше индикаторларға байланысты. Оның бірі – авиаотын бағасы.


Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров