1 бөлмелі пәтерден 10 көлік қоқыс шықты

22.11.2018 17:23

Бішкектегі «Тазалык» мекемесінің қызметкерлері қала тұрғынының пәтерін екі күн бойы қоқыстан тазалады. Жүк көлігі қоқысты он мәрте тасыған.

Бішкек әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 қарашада Боконбаев көшесіндегі көпқабатты үй тұрғыны көршінің пәтерінде құбыр жарылғанын хабарлаған. Оны жөндеу үшін құтқару бригадасы үйдің жылуын өшіре тұруға мәжбүр болған.

Бірақ ақауды жөндеуге көп күш салуға тура келген. Өйткені, бір бөлмелі пәтердегі батареялар қоқыспен көміліп қалған. Бұл пәтерде тұратын әйел әлеуметтік көмектен бас тартып келген, деп жазады Sputniknews.kz Сentralasian.org сайтына сілтеме жасап.

Үй тұрғындары оның салақтығына 2015 жылдан бері арызданып келген. Бірақ әйел үйді тазалауға уәде берсе де, осы уақытқа дейін уәдесін орындамай келген.