Баласынан айрылған ана алматылық дәрігерлерді айыптап отыр

Баласынан айрылған ана алматылық дәрігерлерді айыптап отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Данат есімді 3 жасар ұлынан айрылған Наталья Ким алматылық дәрігерлерді айыптап отыр. Қайғы жұтқан ана дәрігерлердің ресми мәлімдесімен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Натальяның айтуынша, 17 тамызда 3 жастағы Данат құлап, көкірегін ауыртып алған. Сол күні травматолог дәрігер рентгенге түсірмей үйге қайтарып жіберген. Баланың өзі желшешек (ветряная оспа) жұқпасымен ауырып жүрген.

«Түскі үш шамасында баламның демалысы қиындай бастады. Балам маған құладым деген. Бірақ мен өзім көрмедім. Қолтығының асты ісініп кетті. Жедел жәрдеммен Манас көшесіндегі ауруханаға келдік. Бұл жерден бізді ветрянка болғандықтан, жұқпалы аурулар ауруханасына жіберді. Жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлерді 1,5 сағаттай күттік. Олар бізді рентгенге жіберіп, рентген парағына қарап, пневмоторакс деген диагноз қойып, «мұны хирургтер емдеуі керек» деп хирургияға қайта жіберді. Хирургия мен реанимация бізді желшешек үшін қабылдағысы келмеді. Сосын бронхопневмония деген диагноз қойылды. Жұқпалы аурулар ауруханасында бізді арнайы боксқа орналастырды.  Біраздан соң дәрігер баланың қабырғасы сынған деді», – деді Наталья Ким.

Анасының айтуынша, дәрігерлер баланың кіші дәретінің жүрмегеніне қатты алаңдаушылық білдірген.

Олар балаға қант қосылған су мен дәрет жүргізетін таблетка берген. Аздан соң тамырдан қан алмақ болған медбикелер де қан жүрмегендіктен қан ала алмай қиналған.

«Сол түні балам түнде тұрып, жүрді. Ал келесі күні тұрғанда жүріп-тұруы қиындады. Таңғы 10 шамасында еріндері көгере бастады. Медбике дәрігерді шақырып келгенше баланың демі тоқтап қалды. Жүгіріп жеткен дәрігерлер мені сыртқа шығарып жіберіп, адреналин салып, жүрегіне массаж жасай бастады. Сол сәтте де реаниматологтар ветрянка үшін қабылдамай жатты. Бір уақытта «жарайды, әкеліңдер» деді. Сол кезде мен өліп қалған баламды ақ матаға орап алып медбикенің жүгіріп бара жатқанын көрдім. Сосын реанимацияға шақырып алып баламның өлгенін айтты», – деді Наталья.

Қайғы жұтқан отбасы баласына реанимациялық шаралар дер кезінде жасалса, аман алып қалуға болар еді деп санайды.

«Баламның өлімі неден болғаны анықталды. Құсық тыныс жолдарын бітеп қалған. Егер баламды бірде хирургияға, бірде боксқа сенделтпей, бірден реанимацияға көтерсе, арнайы аппаратқа қосулы болса, оны аман алып қалуға болар еді. Біз 4 сағат уақытты жоғалтып алдық», – деді анасы.

Тергеу кезінде Наталья Ким бірқатар деректің өзгеріп кеткеніне таң қалды.

«Бала 19 тамызда сағат 11:20-да қайтыс болды. Ал дәрігерлер тергеушілерге басқа уақытты айтқан. Олар сол сәтте-ақ опер группаны шақыру керек болатын. Олай етпей бір тәулік ұстады. Ауру тарихын да дәрігерлер қайта жазып шыққан. Онда бала реанимацияға мұқтаж емес деп жазылған. Онда демікпе болмады деген. Бірақ, бала ауаның жетпеуінен қайтыс болды ғой», – деді ол.

Дәрігерлердің өздері кейін баланың анасымен келісімге келмек болған.

Ол үшін отбасын тегін қарап беруді, моральды, материалды шығынды өтеуді ұсынған.

«Қыркүйекте маған екі әйел келді. Жұқпалы аурулар аурханасы бас дәрігерінің екі орынбасары маған көңіл айтып, арызымды қайтарып алуымды сұрады. Олар баламның өмірін алып қалу үшін барын жасағандарын айтты. Бірақ, менің ойымша дәрігерлер ештеңе істеген жоқ. Тіпті УЗИ жасалған жоқ. Сіздің балаңыздың өліміне кінәлі емеспіз деп, моралды, материалды көмек ұсынды. Отбасыңызды, екі балаңызды тегін қарап береміз деді. Мен қалай арыздандым. Солай олар келе бастады. Оған дейін бір хабар болмаған. Мен Бас прокуратураға, ҚР ІІМ, Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне жаздым. Айыптылар жазасын алуы керек», – деді анасы.

Қазір бұл іс ҚР ІІМ, Бас прокуратураның қарауында жатыр.

Аталған оқиғаға қатысты Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өз уәжі бар.

«Кеуде тұсы жарақат алып, ағзасы жұқпаның кесірінен интоксикацияға ұшыраған. Кішкентай пациент кезекші дәрігер мен реаниматолог дәрігердің бақылауында болған. Алайда, жасалған барлық ем-шараларға қарамастан 19 тамызда баланың жағдайы нашарлай түскен. Дәрігерлер баланың жанын арашалап қалу үшін 16 сағат күресті. Соған қарамастан баланың қан айналымы тоқтап, көз жұмды», – деді басқарма өкілдері.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, полицияның тапсырмасымен қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті инфекциялық аурухананы кезектен тыс тексеруді бастады. Тергеу органдары ауруханада баланың неден көз жұмғанын анықтау үшін арнайы сот-медициналық сараптама тағайындады.




Новости партнеров