Алматыда «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының кезекті ХХІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиында екі жылда атқарған жұмыс талқыланып, сондай-ақ жаңа жоспарлар мен міндеттер алға қойылды. Сонымен қатар, Алматы қаласын дамыту мәселелері қаралып, қалалық филиалдың Саяси кеңесінің жаңа құрамы сайланды, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынылды.
Екі жыл ішінде «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесіне 14 мыңнан астам азаматтан өтініш келіп түскен. Соның ішінде, үштен бірі, яғни 28 пайызы оң шешімін тапқан. Қалғаны бойынша консультациялық көмек көрсетіліп, түсініктемелер берілген. Жұрттың сауалы негізінен, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту және жер телімдерін бөлу мәселелеріне қатысты.
«Партия филиалы Елбасының биылғы 5 әлеуметтік бастамасының Алматыда орындалуын қадағалау жөнінде арнайы қалалық Қоғамдық кеңес құрып, оның құрамына жалпы 28 адам, яғни депутаттар мен өзге де саяси партияның мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, бірқатар кәсіпкерлермен қатар, жастар ұйымдарының өкілдері енді. Жақында Алматыға арнайы келген Елбасы «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қаламызда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Әлбетте бұл жетістікке жетуде нұротандықтардың да еңбегі зор екендігі сөзсіз», – деді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қалалық партия бақылауының арқасында Алматыда монополистерді коммуналдық қызметті тұтынушыларға 4,7 миллиард теңгеге жуық өтемақыны төлеуге міндеттегенін атап өтті. Қалада жылу, электр қуаты, су және кәріз жүйесінің тарифтері жылдың соңына дейін бұрынғы деңгейде қалады, ал газ үшін төлем 4 пайызға төмендетілді. Одан бөлек, партия бастамасымен қалада елеулі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер болды.
«Алматының тарихи орталығы саналатын «Астана» алаңы, Абылай хан, Абай, Назарбаев даңғылдары, Панфилов, Жібек жолы, Гоголь көшелері қалай жаңарып, жасарғанын халық көріп отыр. Тұрғын үй, білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт салаларындағы әлеуметтік нысандар қарқынды тұрғызылуда. Үш жылдың ішінде 3700-ден аса ауланың 35 пайызының, яғни 1338 ауланың абаттандырылуы – бұрын-соңды болмаған іс», – деді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз ОМАРБЕКОВА.
«Алматы жастары» қолжетімді баспана бағдарламасы мен Алматы әуежайын жаңғырту, қалалық автобус паркін 30 пайызға жаңарту және 2 жаңа метро станциясының құрылысы сынды жұмыстардың атқарылуына «Нұр Отан» партиясы ұйытқы болып отыр. Одан бөлек, «Алматыны дамытудың 50 жоба-драйвері» бастамасы шеңберінде 180 млрд теңге сомасына 41 жоба іске асырылып жатыр. «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының кезекті ХХІІ есеп беру-сайлау конференциясында саяси кеңеске жаңа құрама сайланып, Алматы мәслихатындағы бос орынға үш кандидат ұсынылды.
Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы