Қызылорда облысында жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы (ЖИТС) дертіне шалдығушылардың 37,5 пайызы – ауыл тұрғындары, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінде Қызылорда облысында алғашқы ЖИТС оқиғасы анықталған сәттен бастап осы дертті жұқтырған 139 адам тіркелген. Жұғу жолдары бойынша 66 пайызын жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар құраса, 24 пайызы – инъекциялық есірткі тұтынушылар болып отыр.
«Биылғы 10 айда 16 адамнан АИТВ инфекциясы анықталды. Оның 8-і – ер адам, 8-і – әйел. Жалпы, 94 пайызы жыныстық қатынас арқылы жұқтырған. Анықталғандардың 62,5 пайызы - қала, 37,5 пайызы - ауыл тұрғындары. Тіркелген науқастардың жартысынан көбі әлеуметтік жағдайы бойынша жұмыссыз деп есептеледі», – деді ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың бөлім меңгерушісі Салтанат Балықбаева.
Қызылорда облысы аталмыш дертке шалдығу жөнінен ең төменгі орында тұр. Қазіргі таңда елімізде ЖИТС жұқтырған 32 мыңнан астам адам бар.