«Құдайдан қорқудан қалдық»: Семейде әлдекімдер зираттарды тонап жүр

«Құдайдан қорқудан қалдық»: Семейде әлдекімдер зираттарды тонап жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үй-жайдағы мүлікті емес, қорымдарды қорлап, қоршауларын ұрлаумен айналысқандар қолға түсті. Семей шетіндегі зираттан шойын, темір тонағандар жалпы жиыны 900 мың теңге шығын келтірген екен. Туыстарының рухына тағзым етіп жүргендер күзет сұраса, қорым орналасқан жердің иесі зиратты үлкен қауіп ошағы деп атап, әкімдіктен көмек сұрады, деп хабарлайды stan.kz.

Семей шетіндегі қорым Павлодарға шығар жолда, қалың орман ішінде орналасқан. Соңғы кездері қайтыс болған туыстарының рухына тәу етіп келгендер қоршаулар сияқты металл заттардың жоғала бастағанын байқапты. Олардың біреуі - зейнеткер Зинаида Ручкина. Көз жұмған жолдасының қорымы қорланған соң, егде жасына қарамай күнде келіп, өзге молаларды бақылапты. Үлкен аталары да, ағайындары да осы жерде жерленген екен.

«Басқасын қойып, енді зираттарды тонауды бастаған. Бұл бассыздық. Құдайдан қорқудан да қалдық. Күзет болуы керек мұнда. Вандалдар жазасыз қалмауы тиіс», – дейді қала тұрғыны Зинаида Ручкина.

Тұрғындардың шағымынан соң полицейлер іздестіру шарасын бастаған болатын. Тергеушілердің байқағаны, ұрылар көбінесе тот басқан темірді емес, жақында орнатылған қоршауларға көз салған екен. Келген шығын көлемі 900 мың теңгеден асқан.

«Қала шетінде орналасқан Старая крепость ауылының 24 және 34 жастағы екі тұрғыны қылмыс жасап жатқан кезде ұсталды. Оның біреуі бұрын осы ұрлық қылмыстары үшін сотты болған. Қазіргі таңда тергеу амалдарының негізінде бұл азаматтардың жасаған 5 қылмысы нақты дәлелденіп отыр», – дейді қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Елубек Оспанов.

Орман ішіндегі қорым аумағы 100 гектардан асып кеткен. Былтыр ол зират жабылып, жерлеуге тыйым салынған болатын. Молалар тұрған жер жергілікті орман резерватының аумағына кіреді. Орманшылар зират жабылған бетте айналасын қазып белгі қойған. Алайда, тыйымды пысқырмай, қазылған жерді аттап, мәйітті жерлегендер де бар көрінеді. Ал тағзым етіп келушілер төңіректі қоқысқа толтырып, шылым шеккендері өрт қаупін туғызады екен.

«Зираттың орман ішінде болуы өте үлкен қауіп. Біз ол жерді орман қорынан алып, әкімдік балансына өткізуді бірнеше мәрте сұрадық. Тым құрығанда, зират айналасын қоршау керегін ескерттік. Алайда, ешбір әрекет жасалмады», – дейді «Семей орманы» резерватының бас директорының орынбасары Жұмағали Сағадиев.

Қауіпті зираттан құтыла алмай келе жатқан орман резерватының басшылығы 100 гектар жерді әкімдікке жалға беруге әзірміз дейді. Немесе басқа аумақтар жер берілсе, орман алқабын одан әрі кеңейтер едік деп отыр.


Новости партнеров