Оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесі азаяды – БҒМ

14.11.2018 18:40

Әзірленіп жатқан «Педагогтар мәртебесі» туралы заң жобасында оқушылар мен ұстаздардың жүктемесін азайту көзделген. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарының республикалық форумында айтты, деп хабарлайды Бақ.кз.

Вице-министрі өз сөзінде «Педагогтар мәртебесі» туралы заң жобасында жүктемені азайту қарастырылып отырғанын атап өтті.

«ТМД-да балаларға қойған жүктеме бойынша сөзсіз чемпионбыз. Мысалы, 11-сынып оқушылары 39 сағат оқиды. Бұл өте көп. Әрине, 50-60 сағат жасауға болады, бірақ бұл тиімді бола ма деген сұрақ туындайды. Тиімділік болмайды, әрине. Сол себепті Мемлекет басшысының жүктемені азайту қажеттілігі туралы айтқаны орынды», – деді Аймағамбетов форум барысында.

Білім және ғылым вице-министрі балалардың жүктемесін азайту педагогтарға қалай әсер ететінін қоса айтты.

«Балалардың жүктемесін азайту бұл мұғалімдердің сағатына, жүктемесіне, жалақысына әсер етеді. Сол себепті осы заңнама аясында педогогикалық жүктемені азайтатын боламыз. Бүгінде мұғалімдердің мөлшерлемесі – 18 сағат. Мұны 16 сағатқа дейін қысқартпақпыз. Талқылап жатырмыз», – деді вице-министр.