Автобуста қаза болған 52 өзбек азаматы: айыпталушыларға сот үкімі шықты

Автобуста қаза болған 52 өзбек азаматы: айыпталушыларға сот үкімі шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде «Өртенген автобус ісі» бойынша сот үкімі шықты. Ішінде 52 өзбек азаматы тірідей жанып кеткен автобустың жүргізушілері – Мақсат Пернебеков, Нұржан Қырғызбаев пен Барат Таңатов 5 жылға сотталды. Ал қоғамдық көліктің иесі Нұрлыбек Тілепбаев пен механик Бахадүр Пердебаев 3,5 жылын темір торда өткізеді. Бұған дейін кепіл арқылы бостандықта жүрген бұл қос азаматтың қолына тура сот залында кісен салынды.

Сондай-ақ, сотталушылардың көлік құралын басқару құқықтары шектелді. Олардың барлығы өрттен қаза тапқан 46 азаматтың отбасының әрқайсысына 2 миллион теңгеден беруге міндеттелді. Дегенмен, сотталушылар судьяның үкімімен келіспейтінін әрі кінәларын мойындамайтынын жеткізді.

«Ысқақов кінәлі ғой бұл жерде, біз не үшін келісеміз? Біз кінәсізден қамалып кетіп жатырмыз. Біздің бала-шағамызды кім асырайды?! Мен мына үкіммен келіспеймін, аппеляцияға беремін!», – деді ашуға булыққан сотталушылардың бірі.

Еске сала кетсек, Ақтөбе облысындағы қайғылы оқиға 18 қаңтарда болған еді. Жолаушыларға лық толы автобус ішінен от тұтанып, алапат өртке ұласқан. Салдарынан салонда болған 57 адамның 52-сі тірідей жанып кетті. Марқұмдардың барлығы Өзбекстан азаматтары. Ал апаттан тек 3 қазақстандық жүргізуші мен 2 өзбекстандық азамат қана аман қалған.  



Новости партнеров