Қырғызстанда бір де бір қазақ мектебі жоқ – қырғызстандық қазақ

Қырғызстанда бір де бір қазақ мектебі жоқ – қырғызстандық қазақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада басталған «Қасиетті қазақ елі» атты өнер фестивалі аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.kz.

Кездесуге әлемнің 10 елінен 40-қа жуық қандасымыз қатысты. Оның ішінде Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Қытай және тағы басқа елдер бар.

«Бар қазақтың бір ғана отаны бар, ол – Қазақстан. Біздің бүгінгі санымыз – 16 миллион. Оның 12 миллионы елімізде, қалған 4 миллионы шетелде тұрады. Жалпы, 44 мемлекетте қазақтар бар, негізгі шоғыры Қытай, Өзбекстан және Ресейде орналасқан. Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсетіп қана қоймай, олармен тығыз қарым-қатынас орнатуымыз керек. Бүгінгі шара соның дәлелі», – деді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Кездесу барысында шеттен келген қандастарымыз өз ойларын ортаға салып, ұсыныс пікірлерін, мұқтаждықтарын айтты.

«Біздегі ең басты мәселе – тіл мәселесі болып отыр. Қырғызстанда бір де бір қазақ мектебі жоқ. Ресейде, Өзбекстанда, Моңғолияда, Қытайда қазақтілді мектептер бар. Ал 30 мыңға жуық қазақ өмір сүріп жатқан Қырғызстанда қазақ мектебі демей-ақ қояйық, қазақ тілін үйрететін үйірме жоқ. Осының салдарынан біздің ұрпақ қырғыз тілін оқып, не қазақ емес, не қырғыз емес болып өсіп келеді. Осы мәселені шешіп беру жағын қарастырсаңыздар екен», – деді қырғыз елінен келген қандасымыз.

Сонымен қатар, кездесу кезінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы түсірген «Алыстағы ағайын» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Онда ХХ ғасырдың 30-50 жылдары Алтайдан Анадолыға дейін жалғасқан тағдырлы көштің барысы мен қазіргі Түркияда тұрып жатқан қандастарымыздың өмірі баяндалады.

«Тарихи фильмдегі оқиғаны бастан-аяқ баяндаушы Түркия қазағы Мансұр Тәйжі ақсақал бүгінде 75 жаста. Алтай көшін оның әкесі бастап барған, ол кезде ақсақал 7 жаста болған. Өзінің айтуынша, Алтай қазақтары 9 айдың ішінде 3 мыңнан астам шақырымды жаяу бағындырып, Гималай тауын басып өтіп, Түркияға жеткен. Фильмді күні кеше ғана бітірдік. Шетелде тұратын қазақтардың тағдыры әртүрлі. Ал, мына қазақтардың бастан кешкені – бөлек әңгіме. Тарихи туынды архив материалдарымен құнды. Осы мақсатта біз Қытай, Ұлыбритания архивтерімен бірлесіп жұмыс істедік. Отандастарымызды қолдауға бағытталған жұмыстар мұнымен бітпейді», – деді Зауытбек Тұрысбеков.

Оның айтуынша, «Алыстағы ағайын» фильмінің АҚШ-та тұратын қазақтардың тағдырына арналған бөлімі қазір дайындалып жатыр.

«Қасиетті қазақ елі» өнер фестивалі Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Бүгін фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.


Новости партнеров