Футбол клубы ойыннан бас тарту үшін футболшыларының бірін «жерлеп» тастады

28.11.2018 17:58

Әуесқой лигада ойын көрсетіп жүрген ирландиялық «Бэллибрэк» футбол клубы өз футболшыларының бірінің қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Deadspin басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлады.

23 қарашада «Арклоу Таунмен» өтетін ойынның алдында клуб футболшы Фернандо Ла-Фуантенің жол апатынан көз жұмғанын мәлімдеп, салдарынан командалар арасындағы ойын өтпейтін болды. Клубтың ойыншылары басқа ойындарда қаралы жағдайды білдіретін байлауыш байлап шығып, ойын кезінде 1 минуттық тыныштық жариялап жүрген.

Ал лиганың өкілдері қайтыс болған Ла-Фуантенің отбасына көңіл айтпақ болыпты. «Бэллибрэк» оларға футболшының денесі оның отаны Испанияға жөнелтілгенін айтқан.

Артынша футболшының тірі екені және тосын мәлімдемеден бірнеше апта бұрын үйіне кеткені белгілі болды.