Орталық Азия елдері сауданы Қазақстан тәжірибесі негізінде дамытатын болады

20.09.2018 21:18

Орталық Азия елдері сауданы Қазақстан тәжірибесінің негізінде дамытпақ. Бұл туралы Алматыда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнайы бағдарламасының  форумында айтылды.

Атап өтерлігі, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазірдің өзінде  бірнеше келісімдер дайындалған. Аталған құжатқа көп ұзамай қол қойылмақ.  

«Алматыда халықаралық ұйымдардың және трансұлттық компанияның 60 кеңсесі орналасқан. Осы жылдың қараша айында Біріккен Ұлттар Ұйымы агенттігінің жаңа кеңсесін ашу жоспарланып отыр. Онда 14 ұйым орналаспақ. Ол Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға көмек беруді үйлестіруге негізделмек», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан ӘУКЕНОВ.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнайы бағдарламаларына мүше елдер арасында Қазақстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан бар. 20 жылдан бері аталған  мемлекеттер арасындағы сауда-саттық көлемі 179 миллиард долларға артып, 10 есеге өскен. Ал экономикалық көрсеткіш 8 есе ұлғайыпты. Ауғанстанды қоспағанда, бағдарламаға қатысы бар елдердің барлығының табысы орташа деңгейдегі мемлекет болып есептеледі.  

«Биыл СПЕКА мемлекеттерінің 20 жылдық мерейтойы. Сондықтан оны Алматы қаласында, туған жерінде тойлап жатырмыз. СПЕКА сияқты бағдарлама еш жерде  жоқ. Орта Азия мемлекеттері үшін ашылған бағдарлама Біріккен Ұлттар Ұйымында орналасқан. Сондықтан біз түрлі ұлттық мәселелерді барынша шешуге, Біріккен Ұлттар Ұйымының қойған мақсаттарын орындауға тырысып отырмыз. Сондай-ақ, сауда, су, экология, энергетика мәселелерін егжей-тегжей талқылап, мемлекеттер үшін қажетті түрлі аналитикалық-сараптамалық құжаттарды дайындап жатырмыз», – деді ҚР ҰЭМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Қайрат ТӨРЕБАЕВ.