|
02.11.2018 | 17:34
22778

Обыр дерті туралы аңыздар мен қисындар. Қатерлі ісік тудыратын негізгі себептер қандай?

Обыр дерті туралы аңыздар мен қисындар. Қатерлі ісік тудыратын негізгі себептер қандай?

Ұялы телефондар ісік ауруына себепші, ал тәттіге құмар жандарда осы дертке шалдығу мүмкіндігі көп. Осы тәріздес пікірлерге алматылықтардың басым бөлігі сенетін сияқты. Ал енді бірі онкологиялық ауруға шалдықсаң, дәрігерге барудың қажеті жоқ дейді. Жағдай одан әрі ушығып кетуі мүмкін екен-міс.

Алматылықтар арасында обыр дертіне қатысты түрлі түсініктің қалыптасқан. Олардың кейбірі тіпті, адамның ойына мүлдем кіріп-шықпайтын қисындар.

Қаладағы онкологиялық орталықта адам қарасы үнемі көп. Мұнда тексеру мен емдеу шаралары жүргізіледі. Десек те, дәрігердің қабылдауына келіп, денсаулығында кінәратының бар-жоғын білуге асықпайтындар да бар. Онколог мамандарды толғандыратын да осы проблема. Құдай бетін ары қылсын, аты жаман дертке шалдыққан адамның алғашқы кезеңде толықтай жазылып кетуіне мүмкіндігі бар. Бірақ өкініштісі, тұрғындардың көпшілігі дәрігерден гөрі, түрлі әңгімелер мен пікірлерге көбірек сенеді.


ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУ ТҰҚЫМ ҚУАЛАЙ МА?

Тұрғындар арасында «Онкологиялық ауру тұқым қуалай ма?» деген сұрақ төңірегінде жүргізгенімізде:

« – Онкология тұқым қуалайды. Егер отбасында бір адам қатерлі ісікпен ауырса, өзгелерінде де сондай қауіп болуы мүмкін.  

– Егер ер адам ауырса, тұқымдағы ер адамдарға сол ауру беріледі деп жатады. Егер біреуіне берілмесе, екіншісіне берілуі мүмкін.

– Онкология тұқыммен беріледі деп айтып жататын. Сондықтан жыл сайын міндетті түрде қаралып тұру керек...», – деген жауаптар алдық.  

Жасы алпысты алқымдаған Зифа Магзутова ауруды өзім тілеп алдым дейді. Себебі, уақытында тексерістен өтпеген. Қазір ұлдарының барына шүкіршілік етіп отыр. Себебі, сүт безі обыры ерлер арқылы берілмейді.

«Қолыммен ұстағанда байқалып тұрды. Сол мезетте дәрігерлердің қабылдауына жазылдым. Бірақ кешігіп қалған екенмін. Анам да ісік ауруымен ауырған, бірақ сүт безі обыры емес. Содан тұқым қуалайды деп өзім топшыладым», – дейді Зифа МАГЗУТОВА.

«Қатерлі ісік жөнінде тұқым қуалаушылыққа келсек, тік ішек, сүт безінің қатерлі ісігінде тұқым қуалау қаупі бар. Сол үшін Алматыдағы Ұлттық ғылыми орталықта арнайы зертхана бар. Сол жақтан аурудың тұқым қуалау қаупі бар ма, жоқ па, анықтап көруге болады», – деді Алматы қалалық Онкология орталығының хирургі Ғалым САРМАШ.

Тұқым қуалау, экология, дұрыс тамақтанбау мен күйзелісті басыңыздан кешсеңіз, аты жаман дертке шалдығу мүмкіндігі көп болады дейді мамандар.


ТӘТТІҚҰМАРЛАР ІСІК АУРУЫНА БЕЙІМ КЕЛЕДІ

Алматылықтардың енді бір тобы – тәттіқұмарлар да қауіпті санаттағылардың қатарында екен. Бұл болжамның қаншалықты рас екенін тұрғындардың өзінен сұрап көрелік:

« – Меніңше, тәтті рак жасушаларының пайда болуына ықпал етеді.

– Қантты көп жейміз ғой. Сусындарда да, көптеген тамақта да қант бар. Содан рак пайда болып жатады...»

Ал дәрігерлер бұл пікірмен келіспейді. Дегенмен дұрыс тамақтану денсаулығымыздың саулығына тікелей әсер етеді. Дәрумендердің, әсіресе, А және Е витаминдерінің жетіспеушілігі, қызыл ет пен қуырылған тамақ кері әсерін тигізуі әбден мүмкін екен.  

«Қатерлі ісікке шалдықтыратын тамақтар жоқ. Бірақ дұрыс тамақтану, уақтылы ауқаттану – денсаулығыңыздың кепілі. Қант ісікті шақырады деген жаңсақ пікір», – деп түсіндірді Алматы қалалық Онкологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Әлия ТУРЕШЕВА.


ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ОБЫРҒА СЕБЕПШІ

Ал ұялы телефонның обыр ауруына қаншалықты әсер ететіні туралы сөз қозғап көргенімізде, кей тұрғындар былай жауап берді:  

– Менің ойымша, ұялы телефондар рак ауруының туындауына себепті болады. – – Ұялы телефондардың рак тудыратыны дәлелденді де ғой деймін. Ұялы телефонды денеге тым жақын ұстауға болмайды, сәлш алыстау ұстау керек деп бекер айтпайтын болса керек...»

Әзірге ғалымдарымыз жүргізген зерттеулерде смартфондар мен гаджеттердің ісік ауруына шалдықтыратыны дәлелденбеген. Алайда, күнімізді ондай құралдарсыз елестете алмайтын қазіргі уақытта аты жаман ауруға шалдығу мүмкін бе?

«Түрлі гаджеттердің обыр ауруына себепші болғаны туралы әзірге дерек тіркелмеген. Бірақ оларды өте жиі пайдалану денсаулығымызға кері әсерін тигізері сөзсіз», – деп пікір білдірді Әлия ТУРЕШЕВА.


ҚАТЕРЛІ ІСІК - ЖҰҚПАЛЫ МА?

Біз сөзге тартқан тұрғынның ойынша, қатерлі ісік – жұқпалы ауруға жатады екен.

« – Жұғады. Енді аурудың аты да қиын болып тұр ғой рак деген. Сол себептен, жұқпалы деп ойлаймын...»  

Тұрғындардың арасында аты жаман ауру болса, ол жұқпалы деген пікір қалыптасқан. Оны тұмау тиген сиқты жұқтырып алуымыз мүмкін бе? Дәрігерлерден сұрап көрген едік.  

«Онкология инфекциялық аурулар қатарына жатпайды. Ол ауа арқылы, қан арқылы берілмейді. Генетикалық сипаттағы ісіктер бар, бірақ тұрмыстық жағдайда ол мүмкін емес», – деп түсіндірді Алматы қалалық Онкология орталығының хирург-онкологы Саттар АППАЗОВ.

Обырды емдеу науқастың жағдайын нашарлататыны қаншалықты рас?

«Егер мен ауырсам, емделмес едім. Себебі, бірнеше апта бұрын рактан құлан-таза айықты деген танысым қайтыс болды. Түрлі ем-дом қабылдады. Бірақ бауыры шыдас бермепті», – дейді тұрғындардың бірі.

Қатерлі ісікті емдеу қазір 3 түрлі жолмен жүргізіледі. Олар: хирургиялық ота жасау, лазерлі және дәрі терапиясы. Жыл сайын жаңа дәрілер ойлап табылып жатыр. Бірақ мамандардың өздері дәрігерлер жасырып жүрген керемет препарат жоқ дейді.  

«Кейде осы ем түрлерін қабылдағанда қиындықтар кездесіп жатады. Өкінішке қарай, химия терапиясы ісікке ғана емес, бүкіл ағзаға әсер етеді. Қазір біз қолданып жүрген таргетті препараттар тек керек жеріне ғана себін тигізеді. Яғни, алған бағытымыз дұрыс», – дейді Алматы қалалық Онкологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Әлия ТУРЕШЕВА.

Алматыда қатерлі ісікке шалдығушылардың арасында сүт безі обыры көш бастап тұр. Бір қиыны бұл дерт түрінің алғашқы белгілері де білінбейді екен. Қазан айының өзінде қалалық орталыққа жүгінген 361 әйелдің 300-ден астамынан мастопатия, 20-сынан ісіктің жеңіл түрі, қалған үшеуінен, өкінішке қарай, қатерлі ісік анықталған.  


Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы





Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир