14 қараша күні Алматыда бір сәтте 80 мың адам жаңа нұсқадағы латын әріптерімен диктант жазады. Жалпыхалықтық диктант жазуға оқушылар, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлерден басқа кез келген ерікті адам қатыса алады.
Латын әріптерімен өздерінің сауаттылығын сынап көруге түрлі саяси партиялардың өкілдері де қатысады деп жоспарланған.
Арнайы белгіленген орындарға келіп қатыса алмайтын адамдар emle.kz немесе tilalemi.kz сайттарына кіріп, белгіленген уақытта диктанттың аудио тапсырмасын тыңдай алады. 30 минуттық тапсырмадан соң сайтқа шығатын диктанттың дұрыс нұсқасы арқылы адамдар өзін-өзі тексеруге мүмкіндік бар.
Жалпы, Алматы қаласы көлемінде жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары халыққа түсіндіріліп, көпшіліктің талқылауына салынып жатыр. Қалалық тіл басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан жиындардың бүгінгі отырысына жазушылар қатысып, ұсыныстарын білдірді. Жаңа емле ережесін бекітуге қатысқан ғалымдардың айтуынша, қазір орыс тіліне тән дыбыстарды таңбалауға қатысты пікір көп.
«Емлеміздің негізгі ерекшелігі ретінде Э, Ю, Я, Ь, Ъ сынды дыбыстардың алынып тастағанын өздеріңіз білесіздер. Қазір тілімізде қаптап кеткен, осы таңбалар арқылы қабылданып кеткен көптеген сөздер бар. Сол сөздерді қалай қазақ тіліне бейімдеп қолдану керек деген мәселе бүгінгі емленің басты жаңалығы болса керек», – деді филология ғылымдарының докторы Анар САЛҚЫНБАЙ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен жылы 19 ақпанда Елбасының жарлығымен бекітілген жаңа әліпбидің құрылымы мен мазмұнын, емлелік ережелерін көпшілік арасында көп түсіндіру қажет. Бұл алдағы уақытта, ел жаппай жаңа нұсқамен оқу-жазуға көшкенде орфоргафиялық, терминологиялық қателіктердің алдын алады. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқасында 32 таңба бар.