|
09.10.2018 | 14:20
9378

Алматыдағы көпқабатты үйлерге үнемді есептегіш құралдар орнатылуда

Алматыдағы көпқабатты үйлерге үнемді есептегіш құралдар орнатылуда

Алматыда жыл соңына дейін көпқабатты үйлерге 2 мыңнан аса ортақ жылу есептегіш құралы орнатылады.

Биыл халықты жылумен қамтитын мамандар есепқұралдың жаңартылған нұсқасын қойып жатыр. Қондырғының тиімді тұсы – жылу мен ыстық судың көрсеткіштері 6 жылға дейін сақталады. Оған қоса, жарық өшірілсе де 15 күн автономды режимде жұмыс істей береді. Ал ең бастысы, әкімдік тарапынан барынша көмек көрсетіліп, тұрғындар үшін орнату шарттары жеңілдетілді.  

Алматыда Сейфуллин мен Қабанбай батыр көшесі қиылысындағы мына үйге ортақ жылу есептегіш құралдың жаңартылған нұсқасын қойылып жатыр. Қазір мұнда құбырлар мен тетіктерді орнату жұмыстары қызу жүруде. Жуық арада тұрғындар коммуналдық төлемді 55 пайызға аз төлейтін болады. Бұл әсіресе қыс мезгілінде анық сезіледі дейді мамандар.

«Әрбір үйде есептегіш құралдың болғаны жақсы. Ал ортақ жылу есептегіш құралы тіптен керек. Тұрғындар одан ақша үнемдейді. Шығын шықпайды. Орнату мәселесі көтерілгенде бірден келістік. Жалпы, пәтерлеріміздің бәрінде осындай құралдар бар», – дейді Гахраман БАШИРОВ.

Жалпы, қаладағы үйлерге ортақ жылу есептегіш құралды орнату жұмысы 6 жыл бұрын басталған. 2012 жылы бар болғаны 638 қондырғы орнатылса, биыл бұл сан 2 мыңнан асқалы тұр. Бағдарлама жүзеге аса бастағалы бері 7 мыңнан аса құрал орнатылыпты. Бұл үйлердің 90 пайызын құрайды. Ал биыл құралды орнату қалтаға қонымды болуы үшін арнайы жоба қолға алынған. Бұрын оны тұрғындар 12 айға бөліп төлейтін болса, биылдан бастап 4 жылға 4 пайыздық мөлшерлемемен өтейді.

«Орнатқан ортақ жылу есептегіш құралының ақысын тұрғындар 4 жыл бөліп төлейді. Бұл халықтың қалтасына салмақ салмаудың қамы үшін жасалып отыр. Қайта үнемді болады. Қондырғыға 4 жылға кепілдік беріледі. Осы уақыт ішінде оны техникалық қадағалау солардың мойнында. Бұзылған жағдайда, не болмаса істен шыққан сәтте кепілдікте қарастырылған жөндеу жұмыстарын орнатқан компания өз қаржысынан жасайды», – деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС бас директорының орынбасары Эльмира БАЙЧИГАСОВА.

Диаметрі 20 мм құбыр 655 мың теңге көлемінде, ал ені 25 мм құбыр шамамен, 679 мың теңге тұрады. Бұл баға қала монополистерімен келісілген. Қандай диаметрлі құбыр салу керек екенін мамандар анықтайды. Ал жаңартылған қондырғы көрсеткіштерді жаз және қыс мезгілдеріне бөліп, мұрағатта 6 жыл бойы сақтай алады. Дау туындап, төлеммен келіспеген сәтте қайта көруге мүмкіндік бар.

«Құрылғының интерфейсі мұрағаттағы көрсеткіштерді көрсетеді. Тіпті, модем арқылы «Алматы жылу жүйесінің» серверіне тікелей жібере алады. Біздің сайтқа тіркелген кез келген тұрғын көрсеткіштерді көріп, салыстырып шығуына болады. Сондай-ақ, бір ғана ай емес, өзі қалаған аралықтағы көрсеткіштерді көре алады», – деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС басқарма басшысы Руслан МАХМҰТОВ.

Құрылғыны орнату бар болғаны 2 күн уақытты алады. Өндіруші қондырғының өзіне 12 жыл кепілдік беріледі. Тек 4 жылда бір рет тексерістен өткізіп тұру керек.

Айта кетейік, қаладағы апатты жағдайдағы үйлерге ортақ жылу есептегіш құрал орнатылмайды. Ол Алматыдағы көпқабатты үйлердің 10 пайызын құрайды.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир