Алматы аялдамаларында жыл соңына дейін алғашқы электронды табло пайда болады, деп хабарлайды Қазақпарат.
Электронды таблоларда қоғамдық көлік қозғалысының кестесі көрсетілетін болады.
«Әкімдік аялдамаларға цифрлы таблолар орнатуға қарсы емес. Мұнда оларды қала бюджетінен тыс қаржы есебінен орнату туралы айтылды. Алғашқы табло Тимирязев көшесі бойындағы BRT желісінде жыл соңына дейін пайда болады. Бұл істі Алматы Көлік холдингі өз мойнына алып отыр. Қала әкімінің тапсырмасына орай біз бұл істі бюджеттен тыс қаржы есебінен жасаймыз және қаланың ірі тораптық аялдамаларын цифрлы таблолармен қамтамасыз етеміз», – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Талғат Хосчанов.
Оның айтуынша, 200 мыңнан астам тұтынушы онлайн-режимде карта бойынша көлік қозғалысын «Оңай» қосымшасындағы QR-коды арқылы біліп отырады.
360 мың белсенді қолданушы CityBus қосымшасын пайдаланады.
Жыл аяғына дейін әр аялдамаға қоғамдық көлік бағытының нөмірі, жұмыс уақыты көрсетілген ақпарат орналастырылады.
Айта кету керек, жыл соңына дейін Алматыда жаңа қоғамдық көліктің үлесі 87 пайызға дейін жететін болады. Өткен аптада қалаға тағы 200 жаңа автобус келді.
«Ескі әрі түтін шығаратын автобустар қалада жүрмеуі керек. Егер көрсетілген қолдауға қарамастан жеке тасымалдаушы жылжымалы составты жаңаламаса, онда олармен келісім бұзылады. Жаңа технологияларды енгізіп, болашақта бір көліктен екіншісіне тегін ауысуды қарастырған жөн. Жолаушылардың көлік жұмысына қанағаттануы - тасымалдаудың басты критерийі. Жеке көлікті қазіргі деңгейде ұстап тұру үшін лайықты балама ұсыну қажет», – деді әкім Бауыржан Байбек.