Пластикалық ота жасатқан әйел өлімінің себебі анықталды

15.10.2018 19:12

Алматы қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті пластикалық отадан кейінгі әйел өліміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құзырлы орган өкілдері оның 3 қыркүйекте Орталық клиникалық ауруханада қайтыс болғанын растады. 30 жастағы әйел жекеменшік емханалардың бірінде омырауын тарттырмақ болған. Әйел мастопексия отасынан кейін арада бір ай өткенде қайтыс болды.

«Ол ауруханаға сіреспе синдромымен түскен. Әйел адамның ағзасында жансыздандыру құралына (анестезиология) реакция болған. Барлық материалдар ІІД-ге өткізілді. Департамент процессуалдық тәртіпте сараптама тағайындамақ. Соның нәтижесінде отаның барлық мән-жайы анықталады», – деді департамент басшысы Айзат Молдақасымова.

Алдын ала ақпарат бойынша, марқұм әйел отаны  «NOA Пластикалық және лазерлік косметология» емханасында жасатқан.

Емхана басшылығы бізге түсініктеме беруден бас тартып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада 30 жастағы әйел пластикалық отадан соң көз жұмған.

Мұндай қайғылы жағдай Алматыда екі жыл бұрын да болған еді. Украина азаматшасы Дана Агамұрадова липосакция (іш майын алғызу) жасатпақ болып, жекеменшік емханалардың бірінде ота жасатқан. Алайда, әйел отадан кейін есін жимаған күйі дүниеден өтті. Қазір ота жасаған хирург Дмитрий Писарев сот алдында жауап беріп жатыр.