Астанада мемлекеттік қызметкерлерге баспана алу үшін 1 миллион теңгеден беріледі

09.01.2019 19:12

Елордада мемлекеттік қызметкерлерге 1 миллион теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификаттары беріледі. Бұл туралы қала әкімі Бақыт Сұлтанов әкімдіктің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Еліміздің бас қаласында білім беру, денсаулық сақтау, полиция департаменті қызметкерлеріне 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификаттары табысталады. Бұл «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспана сатып алу қолжетімді болуы үшін жасалып отыр.

«Мемлекет басшысы ауқымды «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Бүгінгі таңда Астана бойынша екінші деңгейдегі банктер жалпы сомасы 20,4 млрд теңге болатын несиелерді мақұлдады, бұл 1400 отбасын пәтерлермен қамтамасыз етеді (13,1 млрд теңге 874 отбасыға бөлінді). Бағдарлама қолжетімді болуы үшін біз жергілікті бюджеттен білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алуға 1 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек береміз», – дейді Сұлтанов.

Былтырғы жылдың соңында мемлекеттік қызметкерлерге алғашқы 100 субсидия берілген еді. Биылғы жылы астаналық әкімдік тағы 2 000 сертификат табыстамақ.

Сонымен қатар, Бақыт Сұлтанов құрылысы аяқталмаған нысандардың үлескерлерінің мәселелерін шешу үшін Жол картасы дайындалғанын атап өтті.

«Қалада мұндай нысандар саны – 29 (10344 үлескер). Үлескерлердің проблемасын шешу үшін біз 2020 жылдың соңына дейін барлық проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау жөніндегі Жол картасын әзірледік. Қазіргі таңда нақты экономикалық есептеулер жүргізіліп жатыр. Біз бұл проблеманың шешімін табуға тырысамыз», – дейді қала басшысы.