Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын Жаңа жылды «Астана» алаңында қарсы алуға шақырады. Мұнда 31 желтоқсан түні арнайы шоу-бағдарлама ұйымдастырылады. Салтанатты шарада мейрамның басты символдары – Аяз ата және Ақшақар болады. Концерт кешкі сағат 22:00-де басталып, түнгі 1-ге дейін жалғаспақ. Дүйім жұрт LED-экран арқылы Елбасының құттықтауын тыңдайды. Ал кеш соңында мерекелік отшашу атылады.
«Астана» алаңында үлкен шырша тігілген. Оның маңына үлкен сахна орнатамыз. Елбасы келер жылды Жастар жылы деп жариялады емес пе, сондықтан концерттік бағдарлама негізінен жастарға бағытталған», - дейді Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛИЕВ.
Мерекеге байланысты қалада полицейлер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшкен. Қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға 4,5 мыңнан астам қызметкер және әскерилер жұмылдырылады. Айта кетейік, мерекелік шаралар легі 20 желтоқсаннан бері өтіп жатыр.
«Алматы қаласының полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмысын атқарып жатыр. 25 желтоқсаннан бастап 5 қаңтарға дейін осы режимдегі жұмыстар жалғасады. Яғни, қоғамдық орындарда патрульдік полицияның саны көбейеді. Тәртіп сақшылары, сонымен қатар, 31 желтоқсан күні мерекелік отшашу өтетін жерді жіті бақылауға алады. Ең алдымен ол жерде автокөліктердің жүруіне тыйым салынады. Бұл уақытша ғана өзгеріс. Жол қауіпсіздігі үшін», - дейді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.