Астанада 10-нан астам ВИЧ жұқтырған әйел өмірге дені сау сәби әкелді, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Жас аналар «Өз статусыңды біл» деген ұранмен Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес кампаниясына қатысып жатыр.
«16 жасымда ВИЧ жұқтырғанмын. Қазірде бақыттымын, ВИЧ-статусымды уақытында білгенімнің арқасында толыққанды өмір сүріп жатырмын. Дені сау екі балам бар, алған емнің арқасында оларға вирус жұққан жоқ», – дейді СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында емделетін науқас.
Орталық мамандары атап өткендей, өзінің ВИЧ-статусы туралы білген әйел жүктілік, босану және емізу кезінде сәбиіне вирустың жұғып кетуінің алдын алады.
«Жүкті әйелдер екі рет ВИЧ-ке тексеріледі. Қазір оннан астам ВИЧ жұқтырған әйел уақытылы емделіп, режим мен диетаны сақтаудың арқасында үш-үштен дені сау баланы өмірге әкелді», – деп мәлімет берді СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Әбдірайымов.
Республикалық орталық мәліметі бойынша, Қазақстандағы облыстық және қалалық СПИД орталықтарында 29,9 мың адам тіркелген.