Төртінші мұнай өңдеу зауыты әлі салынбайды - Қанат Бозымбаев

26.12.2018 21:20

Қазақстан алдағы уақытта 6 елге жанармай экспорттамақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Ал ведомство басшысының айтуынша, биыл елімізде мұнайдың рекордтық көлемі өндірілген. Алайда, төртінші мұнай өңдеу зауыты әзірге салынбайтын болыпты. Себебі неде?

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ең алдымен, тариф мәселесіне тоқталды. Айтуынша, бүгінге дейін министр бұйрығымен еліміздегі 43 электр қуатын өндіру стансасы тарифтерін төмендеткен. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де күшейтіледі.

«Тұтынушылар үшін ешқандай өзгерістер болмайды. Өйткені, электр қуатымен қамтамасыз етілетін компаниялар екі ставкалы тарифтен электр энергиясын сатып алатын болады. Қуаттылығы тарифтің 1 киловат үшін 1,2 теңге төлейтін болады. Және станциялардың шектік тарифтерін төлейтін болады. Содан кейін тұтынушыларға сатқанда қазіргі пайдаланылатын тарифпен сатылатын болады», – деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Қанат Бозымбаев стратегиялық маңызды жоба – «Сарыарқа» газ құбыры желісіне де тоқталды. Бүгінде Астана әкімдігі елордаға газ тарту бойынша нақты жоспар бекіткен. Жоба сметалық құжат мемлекеттік сараптамаға өткізілді. Қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында лот ойнатылып, мемлекеттік тапсырыс басталады. Қазіргі болжам бойынша, тұрғындар көгілдір отынмен 2020 жылы қамтылмақ. Министр бұған қымбаттап кеткен темір бағасының әсер етпейтінін жеткізді.

«Жоба-сметалық құжаттама темір құны қымбаттамай тұрғанда әзірленген болатын. Қазір «Самұрық-Қазына» құбыр өндіретін зауыттарға алдын ала төлемді көбірек қаражат бағыттап, жүргізіп жатыр. Сондықтан мәселе шешімін табады», – деді Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Министр сондай-ақ, төртінші мұнай өңдеу зауыты туралы жақ ашу әлі ертерек деді. Өндіріс ошағы әзірге салынбайтын болды. Анықталғаны, «Қазмұнайгаз» Энергетика министрлігінің басшылығымен әлемдік деңгейдегі екі алпауыт компанияны тартқан. Осы ретте, 2030 жылға дейін ішкі нарық үшін жаңа қуаттылықтың қажеті шамалы деп жеткізді Бозымбаев. Ал «Бір жылда үш орынбасарыңыз жұмыстан босатылса да, сыр бермейтін сырыңыз неде?» деген журналистер сауалына министр әзілмен жауап берді.

«100 келіден астам салмағым бар екенін айтқым келеді. Бәлкім, саяси салмағымның себебі осы. Қалжың, әрине. Ең бастысы, ешқандай қиындықтарға мойымай, жұмыс істеп, нәтижелерге қол жеткізу қажет. Күнделікті стратегиялық шешім қабылдау керек. Біздің министрлік стратегиялық жоспарды 100 пайыз орындады десем, артық емес. Тіпті, кейбір көрсеткіштер бойынша жоғары нәтижеге қол жеткіздік», – деді ҚР Энергетика министрі.

Үздік нәтижесінің бар екенін Қанат Бозымбаев мақтанышпен айтты. Мәселен, Қазақстанда биыл қара алтынның 90 миллион тоннасы өндірілген. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Мұнай өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артыпты. Қара алтынды өңдеу көрсеткіші 8 пайызға жоғарылап, 16 млн тоннаны құраған. Ал экспорт көлемі биыл 72 миллион тоннаға жетіпті. Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев Қазақстан алдағы уақытта алты елге бензин экспорттайтынын алға тартты. Сұйық отын Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Армения, Беларусь және Ауғанстан мемлекеттеріне жөнелтілмек.


Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана