Қазақстан сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік мемлекетке айналды. Ал Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа елорда – жаңғырған Қазақстанның символы. Тәуелсіздік күніне орай өткен салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл осылай деді.
Президент барша қазақстандықты Ел азаттығының 27 жылдығымен құттықтады. 120-дан астам ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуі өзге мемлекеттерге үлгі екенін жеткізді. Тәуелсіздік күні бүгін еліміздің әр жерінде тойланып жатыр.
Жүрегі «Елім!» деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты, бас мереке – Азаттық күнін елордалықтар бүгін барынша сән-салтанатпен атап өтуде. Дегенмен, бұл айрықша мерекені атап өту әлдеқашан басталып кеткенін айтып өткен жөн. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын бастау алған «Тәуелсіздік таңы» көрмесі. Оған кешегі күндерді айғақтайтын бірегей тарихи фотосуреттер қойылған. Ал шаһардың мұражайларында келушілерге «Желтоқсанның асықпаған ақиқаты» атты деректі фильмі ұсынылуда. Мейрам қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттап, барша халықты мерекемен құттықтады.
«Қадірлі қауым! Қымбатты отандастар! Баршаңызды баға жетпес басты мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн. Осы 27 жылдың ішінде осы жерде отырған көп азаматтармен бірге келе жатырмыз. Қазақстанды құрып, дүние жүзіне паш етіп, экономикасын өркендетуге үлес қостық. Мен де сіздермен бірге өзімнің денеме біткен бар күш-қуатымды, өмірімді, білімімді осы жұмысқа беріп келе жатырмын. Халқыма қызмет етіп келе жатырмын. Сол кезде жанымда болған сіздерге шын жүрегіммен рахметімді айтамын!», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің мәдениет және спорт саласының майталмандары да зор қошеметке ие болды. Танымал эстрада жұлдыздары, театр және кино актерлер, композиторлар мен ақындар, сәулетшілер мен суретшілер, спорт журналистер еленді. Оларға «Парасат», «Құрмет», «Еңбек даңқы», «Достық» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
«Тәуелсіздік күніне орай, айтыс өнеріне және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан еңбегім еленіп, осындай марапатқа ие болып жатырмын. Әрине, марапат үшін қызмет істемейміз. Дегенмен, еңбектің еленгені адамға мейірімділік сыйлайтын сияқты», – деді айтыскер ақын Әсия БЕРКЕНОВА.
Бұл – ата-бабаларымыз аңсаған Азаттық таңы туған күн. Бұл – Отан үшін от кешіп, жан берген ұлттың жеңісі. Шекарасын шегендеп, дербес экономикасын құрған мемлекетті бүгінде әлем таниды, мойындайды, тіпті сүйсінеді. Тәуелсіздіктің қалай келгені ел есінен ешқашан кетпек емес дейді тарихшылар. Сол үшін барыңды бағалап, өткенге құрмет білдіру азаматтық борыш емес, парыз дейді.
«Біз кешегі Алаш арыстары аңсап, Әлихандар мен елім үшін қызмет жасаймын деп өткен, сол жолда аянбая күрескен ата-бабаларымыздың арманы орындалған бақытты дәуірде өмір сүріп отырмыз. Бүгінде азат еліміздің көгінде қалықтаған қыранымыз, көк Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз – Тәуелсіздіктің басты айғақтары», – дейді тарихшы Нұрлыбек ЕЛКЕЙ.
Елордадағы мерекелік шаралар легі жалғаса бермек. Мәселен, театр өнерін сүйер қауымы үшін Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында кешкі сағат 18.30-да «Тіл табысқандар» комедиясы қойылады. Кешкі сағат 19.30-да қалалық алаңда қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтпек. Ал түнгі сағат 22:00-де Астанадағы Есіл өзенінің жағалауында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік отшашу болмақ.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана