Астанада вирусты менингит дертімен 8 оқушы инфекциялық ауруханаға түсті. Олар Елорданың бірқатар орта мектептері мен Назарбаев зияткерлік және Халықаралық білім ордасының оқушылары.
Алғашқы дертті жұқтыру фактісі қазан айының басында тіркеліп, мамандар олардан вирусты менингит белгілерін анықтаған. Ақ халаттылар ауханадағы сегіз баланың жағдайын да тілге тиек етті.
«Астана қаласының қалалық Балалар жұқпалы ауруханасында вирустық менингит диагнозымен 8 оқушы ем қабылдап жатыр. Оның төрт жағдайда диагнозы расталған. Науқастардың ауруханаға түскен мерзімі – 5 қазаннан 16 қазан аралығы. Жеті оқушының жағдайы қанағаттанарлық, ал біреуі орташа ауыр дәрежеде жатыр», – деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Сархат БЕЙСЕНОВА.
Дәрігерлер қыркүйектен кейін бір-екі ай менингит өршитін кезең дейді. Күн суысуымен инфекцияның күші де жоғалады. Сонымен қатар, мамандар мұндай ауру түріне шалдыққан кезде үйде емделуге болмайтынын айтады. Жыл басынан бері Астанада вирустық менингитті 196 адам жұқтырған. Оның 85-і оқушылар. Барлығы да толық емделген.
«Балалардың денсаулығы жақсарып келеді. Дерт жұқтырғандардан 10 күннен кейін тағы да қайтара талдау алынады. Осы уақытта олардың жағдайы жақсарады деп отырмыз. Үмітіміз ақталса, үйде емделуге де жібереміз», – деді Астана қаласы Балалар жұқпалы ауруханасының бас дәрігері Сәуле НҰРАШЕВА.