Сарапшы 2030 жылы қазақстандықтардың саны қанша болатынын айтты

28.09.2018 19:44

Бұл туралы Мәжілістегі парламенттік тыңдауда Жұмыспен қамту саласындағы ұлттық сарапшы Жақсыбек Күлекеев алдағы 12 жылда Қазақстан халқының өсімі бойынша деректерді жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Болжамдар белгілі бір жағдайларға сүйеніп жасалатыны сіздерге белгілі. Біздің де осы 2031 жылға дейінгі болжауымыз тиісті жағдайларды ескеріп, жүзеге асырылды. Біріншіден, соңғы 15 жылды еліміздегі халықтың өсу қарқыны  жаман болған жоқ. Жалпы, халықтың орташа жылдық өсімі 1,2-ні құрады. Соған себеп болған еліміздегі жалпы халықтың табиғи өсімі, яғни 2001 жылмен салыстырғанда соңғы кездері 3 есеге дейін өскенінің арқасында болып отыр. Екіншіден, Қазақстан өңірлеріндегі халықтың өсу қарқыны әртүрлі болды. Мысалы, ең жоғары өсім  Астана қаласында байқалды. Маңғыстау өңірінде де оңтайлы қарқын бар. Бұл жерлерде халықтың саны 15 жылда 2 еседен жоғары көрсеткішті көрсетті», - деді Күлекеев.

Сонымен қатар, ол Қазақстанның оңтүстік аймақтарында да халықтық өсу көрсеткіші жақсы екенін тілге тиек етті.

«Тиісті себептерді ескере отырып, 2030 жылы халықтың саны 20 млн 560 мыңға жетуі мүмкін. Бұл тұрғыда Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында бұл кезеңде де халықтың азаюы жалғаса беретінін байқаймыз. Мұнымен қоса,  2030 жылға дейінгі мерзімде  Шымкент қаласы мен Астана қаласында халықтың қарқынды өсуі байқалмақ. Маңғыстау мен Атырау облысында да халық санының өсуі өте жоғары деңгейде болады. Кейбір өңірлерде соның ішінде Ресеймен шекаралас аймақтарда  халықтың өсуі көңілдегідей болмайды. Атап өткенімдей, Солтүстік Қазақстан облысында өсу байқалмайды», - деді Жақсыбек Күлекеев.