Елбасы ТМД басшылары кеңесінің отырысына қатысты

28.09.2018 19:56

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдері басшыларының отырысына қатысу үшін Душанбеге ат басын тіреді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Бас қосу барысында қос тарап екіжақты қатынастардың қазіргі мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуды сөз етті.  

«Елдеріміз арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнады. Біз Тәжікстанға әрдайым көмек көрсетіп, қолдау білдірдік. Бүгінде осы ынтымақтастығымызды тереңдетіп, өзара сауда-саттықты ілгерілетуді көздеп отырмыз», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Тәжікстан президенті де екі ел арасындағы қалыптасқан қатынастарды  алға тарта отырып, Қазақстанның сенімді серіктес екенін баса айтты.  Осы ретте, Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық аренадағы беделіне баға бере отырып, сауда-саттық секторының кеңінен етек жайын келе жатқанын жеткізді.  

«Қазақстан - Тәжікстанның негізгі стратегиялық және экономикалық әріптестерінің бірі. Біздің сауда-экономикалық қатынастарымыз кеңейіп келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделін ерекше, экономикалық және саяси тұрғыдан қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға ризашылығымызды білдіреміз», – деді Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали РАХМОН.