Министрлік шенеуніктерінің ұсталуы: Мұхамедиұлы отставкаға кетуге дайын ба?

30.10.2018 19:47

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қол астындағы қызметкерлердің ұсталуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Біз баспасөз мәслихатында ресми түрде өзіміздің көзқарасымызды білдірдік. Басқа алып қосарым жоқ. Ол (министрліктің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев — Sputnik) 10 күнге демалысқа шығуға өтініш жазды. Біз заң аясында жұмыс істейміз», — деп қысқа қайырды министр үкімет кулуарында.

Журналистер Арыстанбек Мұхамедиұлынан «ұсталған қызметкерлердің кінәсі дәлелденсе, отставкаға кетесіз бе?» деп сұраған еді. Алайда министр мырза бұл сұраққа нақты жауап берген жоқ.

Еске сала кетсек, 26 қазан күні мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астанадағы мейрамханада мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғалары ұсталғанын хабарлаған еді. Алайда агенттіктің ресми өкілі қанша адамның ұсталғанын нақтылаған жоқ. Ол қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын, басқа ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін жеткізді.

Кейін Астана соты министрліктің әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаевтың 24 желтоқсанға дейін үйқамаққа алынғанын хабарлады.

29 қазан, яғни кеше мәдениет және спорт министрлігі лауазымды тұлғалардың ұсталуына қатысты баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.

Белгілі болғандай, Еренай Дәржібаев өзіне қатысты жүргізіліп жатқан тергеуге байланысты қазір жұмыс орнында жоқ. Алайда министрлікке оны жұмыстан босату туралы ешқандай құжат келіп түспеген. Сол себепті директор міндетін атқару жауапкершілігі басқа қызметкерге жүктелді.