Енді бала сүйе алмайды: астаналық әйел жүктілігінің 38-аптасында құрсағындағы сәбиінен айырылды

Енді бала сүйе алмайды: астаналық әйел жүктілігінің 38-аптасында құрсағындағы сәбиінен айырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордадағы ауруханалардың бірінің пациенті жүктілігінің 38-аптасында сәбиінен айырылып қалды. Айгүл Қожахметованың сөзінше, оның толғағы қысы ауруханаға түскен. Алайда біраз уақыттан кейін дәрігерлерден сәбиінің шетінеп кеткенін біліпті. Сонымен қатар ол ота салдарынан сәбилі болу мүмкіндігінен айырылған, деп хабарлайды Stan.kz.

26 қазанда Айгүл көптен күткен сәбиінен айырылып қалған. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, нәресте 38-аптада анасының құрсағында шетінеп кеткен. Келіншек перинаталдық орталыққа толғақпен түскенін айтуда. Ал біраз уақыттан кейін УДЗ нәтижесі нәрестенің өлі екенін көрсеткен.

«Бәрі кешкі сағат 9-да басталды. Басында толғақтың арасы 30 минуттан болды. Түнгі сағат 11-лердің шамасында жедел жәрдем шақырдым. Ал сағат 12-де қабылдау бөліміне кірдім. Сол кезде 5-2 минут сайын толғақ қысты. Жүрек қағысын тексеріп, бар деді. Тұрғанымда қансырау басталды. Сосын үстіңгі қабатқа көтерді. Онда УДЗ-ға түсіретін маманды тосып қалдық. Ол 40 минуттан кейін келд», – дейді Айгүл Қожахметова.

Ендігі ерлі-зайыпты болған жайтқа дәрігерлерді кінәлап отыр. Олардың пікірінше, дәрігерлер Айгүлге көмек көрсетуге асықпаған. Сонымен қатар, дәрігерлердің сөзінше, бұдан былай Айгүл денсаулығына байланысты сәби сүйе алмайды.

«Олар әйеліме дер кезінде көмек көрсете алмады. 1,5 сағат бойы қансырап жатты. 2 литр қан жоғалтты. Бұған дейін өткен УДЗ-да бәрі дұрыс болған. Оның бәрі жазылған. Бала аман-сау дүниеге келуі тиіс еді», – дейді Айгүлдің күйеуі Жәнібек Мұрсалов.

№3 перинаталдық орталық дәрігерлерінің сөзінше, бұл әйелдің құрсағында сәбиі шетінеп кетуі емес. Бұған дейін де екі рет жүкті болып, сәбиі құрсағында шетінеген, дейді дәрігерлер.

«Айгүл Қожахметова бізге 25-і күні, сағат түнгі 12-лерде түсті. Алғашқы қойылған диагноз бойынша оған тиісті көмек көрсетілді. УДЗ анықтамасынан кейін баланың іште шетінеп кеткені анықталды. Пациенттің өмірін сақтап қалу үшін ота жасадық. Осыған дейін де 2016 және 2017 жылдары екі рет жүкті болғанда да нәрестелері құрсағында шетінеп кеткен. Сондықтан, дәрігерге барып, жүктілікті жоспарлауы қажет еді», – дейді Астана қалалық №3 перинаталдық орталықтың бас дәрігері Зайтуна Хамидуллина.

Десе де ерлі-зайыпты дәрігерлердің сөзіне сенбей отыр. Олар полицияға шағымданған.

«Қазіргі уақытта осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы, яғни кәсіптік міндеттерін тиісті орындамағаны адам өліміне әкеп соққан дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеріс жұмысы атқарылуда. Арыздың көшірмесі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жіберілді. Бұл ақпараттың нақтылығын күтудеміз», – дейді Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Софья Қылышбекова.

Дәрігерлердің сөзінше, нәрестенің өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады.


Новости партнеров