Тараздағы колониялардың бірінде күйеуімен кездесуге келген әйел шошқа майының арасына есірткі салып әкелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ЖД-158/2 мекемесінің қызметкерлері әйелдің өзімен бірге алып келген азық-түлігіне тексеру жүргізген. Олардың арасында болған шошқа майының ішінен фольга қағазына оралған алты түйіншек табылған.
«Сот-медициналық сараптама көрсеткендей, тәркіленген заттың жалпы салмағы 20 грамм болатын наша екені анықталды», - делінген хабарламада.
Мереке күндері тіркелген факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестріне ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркеліп, қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.