Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің студенті Рүстем Оңғарбаев білім грантынан айырылды. Университет әкімшілігі талапкер кезінде құжат дұрыс толтырылмаған деп уәж айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Рүстем Оңғарбаев бұған дейін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде бір жыл бойы 630 мың теңге төлеп оқыды. Отбасының әлеуметтік жағдайы төмен болған соң болашақ дәрігер қайта құжат тапсырып, түлектер қатарына енді. 2018-2019 оқу жылында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің жалпы медицина факультетіне грантқа түсті. Қолында сертификаты мен құжаттары бар. Кенет қабылдау комиссиясы Рүстем Оңғарбаевқа қайта телефон шалып, 2018 жылдың 27 тамызы күні грант қате берілгенін айтады. Бас тарту туралы арыз жаз дейді. Арада 2 ай өткенде университет әкімшілігі студентті дәріске кіргізбей қойды.
«Мектепті жақсы аяқтап, медициналық университеттің ақылы бөліміне оқуға түстім. Өткен жылы университеттің бірінші курсын сәтті аяқтап, грантқа түсуді ойладым. Егер түсе алмасам, 2-курстағы оқуымды жалғастыруға мүмкіндігім бар екен. Мен осы сәтті пайдаланып, құжат толтырдым. Кешенді тестті 15 шілде күні тапсырдым. Барлығы 122 бал жиналды. Алғашқы мамандығым қоғамдық денсаулық сақтау саласында еді. Мен науқастарды емдеп, адамдарға көмегімді тигізгім келді. Құжатпен жүретін емес, нағыз емдеу саласын таңдадым. Өкініштісі, университет әкімшілігі қарсылық көрсетіп, екі ай өткен соң дәріске кіргізбей қойды. Олар өз қолыммен арыз жазып, мемлекеттік гранттан бас тартуымды сұрады», - деді Рүстем Оңғарбаев.
Студенттің отбасы мән-жайды толық анықтау үшін прокуратураға арыз жазатын болды. Ал университет әкімшілігі істің ақ-қарасын анықтау үшін полицияға шағым түсірді. «Құжаттарды қабылдау кезінде оралман статусын белгілеген. Ал ол 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алған болып шықты. Тест қорытындысы бойынша грантқа ие болмаса да Білім және ғылым министрлігі комиссиясының шешімімен
«Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтарына арналған квота» санаты бойынша «Жалпы медицина» мамандығының білім беру грантына ілікті. Қабылдау комиссиясының жұмысы аяқталған соң мониторингтік тексеру жүріп, Рүстем Онғарбаевтың құжаттарынан оның оралман еместігін, грант заңсыз берілгенін анықтадық. Бұл іс бойынша барлық материалдар Ақтөбе облысының полиция департаментіне жіберілді», - дейді университет проректоры Талғар Әбілов.