Сотталғандар мемтапсырысты орындауға жұмылдырылады

03.10.2018 20:06

Қылмыстық-атқару жүйесінің «Еңбек» кәсіпорындарына қосалқы мердігерлерді тартуға тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында  ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесінің «Еңбек» кәсіпорындарына бір көзден сатып алу барысында қосалқы мердігерлерді тартуға тыйым салу ескерілген. Бұл «Еңбек» кәсіпорындарының тікелей мемлекеттік тапсырысты ала отырып, сотталғандарды жұмысқа орналастырудың орнына, барлық жұмыстарды қосалқы мердігерлерге беруіне байланысты болып отыр», - деді министр.

Осы орайда аталған қадам сотталғандарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

ҚР Қаржы министрі мемлекеттік сатып алулар саласындағы проблемаларды атаған болатын. Сонымен қатар, Әлихан Смайылов  құрылыс саласында мемлекеттік сатып алуды жетілдіру тәртібін түсіндірді.