Жаңа жыл қарсаңында отандастырымыздың көбі шет елде демалғанды жөн көреді. Турагенттіктердің ақпаратынша, қазірдің өзінде жылы жаққа кетіп жатқан жұрттың қарасы көп. Ал қазақстандықтар Еуропаға аттанса, олар керісінше Алматыға ағылады. Мәселен, былтырмен салыстырғанда Жаңа жылды Алматыда қарсы алатын өзге өңірдің тұрғындарымен шетелдік саяхатшылар үлесі артқан.
Әр адамның қалтасының қалыңдығына байланысты болса да, тиімді бағада жақсы турпакеттерді сатып алуға болады екен. Негізгі бағыттар бойынша Мысыр, Тайланд, Араб Эмираттары, Доминикан мен Хайнань танымалдылыққа ие. Арасында Мысыр көш бастап тұр. 1 мың АҚШ долларына жақсы демалып қайтуға болады дейді агенттік өкілдері.
«Қазақстандықтар отбасымен демалғанды ұнатады. Сол себепті, барлығы қамтылған курорттарды таңдайды. Ал экстремалды турға байланысты азаматтарымыз Франция, Австрия мен Швейцарияға барады», – деді Қазақстан туристік агенттіктер қауымдастығының төрайымы Әсел НҮРКЕБАЕВА.
Отандық туроператорлардың мәліметі бойынша соңғы жылдары қазақстандықтардың көбі жаңажылдық демалыстарын Финляндия мен Қырғызстанның тау-шаңғы курортында өткізетін болған. Бірінші бағыт, ол әрине, әсем табиғаты, шаңғы тебу мен Санта-Клаустың мекені қызықтырса, екіншісі қолжетімді бағада. Сала мамандары аз ғана қаражатпен Еуропа елдерінде де демалуға болатынын алға артуда. Мысалы, Прага, Вена, Будапештке аптасына 1,5 мың АҚШ долларындай қаражат кетеді екен. Тек билетті ертерек алып, қонақүйді алдын ала дайындау керек. Себебі, мереке жақын болған сайын, бағасы да арта түседі.
«25 желтоқсаннан басталатын жаңажылдық турлар 10-12 күнге созылатын, орташа есептегенде 2,5 мың долларды қажет етеді», – деді Қазақстан туристік агенттіктер қауымдастығының төрайымы Әсел НҮРКЕБАЕВА.
Еліміздің статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, биыл қаламызға 787 мың саяхатшы ат басын бұрыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Оның көбі өзге өңірлерден келген ішкі туристер. Олардың үлесі 17 пайызды құраса, шетелдіктер 1 пайыздың шамасында.
«Біз әуежай арқылы келген жолаушылар арқылы да өз есебімізді жүргіземіз. Онымен де саяхатшылардың үлесі 10 пайызды құрады. 485 мың адам. Олардың дені көршілес Ресей елінен, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстаннан келетін туристер - шамамен 40 пайыз. Республика бойынша Алматының үлесі 43 пайыз құрап отыр. Яғни әрбір екінші саяхатшы Алматыға келеді», – деді Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Туристерге арналған «Визит Алматы» ақпараттық орталығы биыл 27 мың саяхатшыға қызмет көрсеткенін айтады. Олардың дені Қазақтың әсем табиғатына қызығып келеді.
«Біз жүргізген сауалнамаға сәйкес, шетелден келетін саяхатшылардың дені тұмса табиғатымызды тамашалауға келеді. Оның ішінде этникалық және мәдени әсер алушылар да бар. Ал жақын аймақтардан, өзге өңірлерден келетін отандастарымыз көбіне сауда-саттық жасау үшін келеді», – дейді «Visit Аlmaty» туристік ақпараттық орталығының жетекшісі Әлия ЗАКИЕВА.
Айтпақшы, қалаға келген әрбір турист Алматы экономикасына өз үлестерін қосуда. Әрбір келуші Алматыға күніне орта есеппен, 150 доллар қалдырады. Бұл сомаға жатын орны, үш мезгіл тамақтану, логистика мен Алматының көрікті жерлерін аралау кіреді.
«Арнайы ұйымдастырылған турлар бар. Арасында танымалы – Көлсай, Қайыңды, Шарын, Алтын Емел. Үш жыл көлемінде келушілер саны едәуір артқан», – деді Әлия ЗАКИЕВА.
Саяхаттап келгендер көбіне қолжетімді хостелді таңдайды. Қазір Алматыда олардың саны 80-нен асып жығылады. Орташа чек 3 мың теңгенің көлемінде.
«Алғаш ашқан кезімізде таңғалысымыз аз болмады. Отандастарымыз көптеп келді. Халықаралық брондау алаңдарын пайдалану арқылы шетелдіктер де жиі ат басын бұрады. Олардың көбі қалталылар болса да, осындай орындарда тоқтағанды жөн көреді», – деді хостел директоры Руслан ШАЙЫНОВ.
Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы