Жаңа жылға дайындық: Алматы ұлттық нақышта безендіріле бастады
Алматыда қасиетті Тәуелсіздік мерекесінен кейін жаңажылдық шыршалардың шамы жағылды. Сондай-ақ, биыл алғаш рет Абай алаңында Аяз ата мен Ақшақардың этностильдегі резиденциясы пайда болды. Қалада мейрамға дайындық қалай жүріп жатыр? Нысандар қандай стильде безендірілуі тиіс?
Алматылық кәсіпкер Ерболат Хамитов қазақтың ұлы ақыны Абай атындағы көшені безендіру үшін өз қалтасынан қаржы шығарған. 28 жастағы жас жігіт мұны азаматтық борышым деп біледі. Бірнеше жыл қатарынан шетелде тұрған ол Алматыдағы безендірудің ерекше екенін айтады. Сондықтан белгіленген концепциядан таймай, безендіруді ұлттық нақышта жасапты. Кәсіпкер 10 қақпа мен қос жер өткелін жалт-жұлт еткен шамдармен көмкеріпті.
Қала әкімдігі биыл үнемділікке баса мән беріп отыр. Олар былтыр қолданылған әшекей бұйымдарды осы жылы да кәдеге жаратыпты. Безендіру басталмас бұрын арнайы комиссия құрылып, заттарды тексерістен өткізіп шыққан. Қаланың көркі әсіресе, түнгі уақытта ерекше көз тартады деген алматылықтардың көңіл күйі ерекше.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы