Елімізде «дәрігер қателігі» деген ұғым мүлдем жойылуы мүмкін. Соңғы кездері ел құлағы жиі естіп, көпшілікті шошытатын ұғымды Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қолданыстан алып тастап, өзгеше түсіндіруді ұсынды. Бас дәрігер ақ халаттыларды сәл ғана аяғын шалыс басқаны үшін қатты жазалаудың қажеті жоғын айтады.
Соңғы кезде денсаулық сақтау саласындағы «дәрігер қателігі» себеп болды деген шулы істер министр Елжан Біртановты әбден мезі қылса керек. Ол бұл түсінікті қолданыстан алып тастап, «медициналық оқиға» дегенге ауыстыру керегін меңзеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында жоқ пайым Қазақстанда болуы ықтимал. Бұдан бөлек, министр қазіргі заңда көрсетілген емдеу стандартынан ауытқыған мамандарды жазалауды қайта қарауды ұсынды.
«Бізде медициналық көмек көрсету кезінде мамандар халықаралық стандарттарға сәйкес қимыл жасамаса, өз жұмысына атүсті қарады дейді. Бірақ көмек беру ережесі барлығына бірдей емес қой. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Сондықтан дәрігерлер ереже, стандарт дегеннен ауытқуы керек. Әрбір жағдайды қателік санамай, кей елдер осыны қаперге алған жөн», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Бірақ бұл ұсыныс депутаттарға ұнамаса керек. Төменгі палата мүшелері министрден онсыз да жағымсыз жағдайлар бойынша ел аузынан түспейтін ведомство ахуалы одан ары ушықпай ма деп сұрады.
«Сіздер ұсынған статистикаға сүйенсек, дәрігерлер қателігі, олардың қатысы бар қылмыстық істер көбейгенін байқаймыз. Сіз сұраған жазаны жұмсарту мақұлданса, бұл жағдай одан әрі ушықпай ма? Медициналық көмек көрсету мен дәрі сату ісінде де теріс қарқын етек жайып кетпей ме?», – деген сауал қойды ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Василий ОЛЕЙНИК.
«Біз «өз ісіне дұрыс қарамаған» және «көмек көрсету стандартынан ауытқыды» деген екі ұғымды нақтылғымыз келеді. Екеуінің арасында айырмашылық бар. Егер де емдеу кезінде маман «ережеге» қарамастан емдеп, бірақ ешқандай қателік жібермесе, оны соттаудың қажеті жоқ. Тағы айтамын, өзгеше қимыл-әрекеттің себебі де болуы мүмкін. Ал егер дәрігердің нақты қателігі дәлелденсе, оған қарсы түрлі деңгейде қылмыстық іс қозғалады», – деді министр.
Өткен жылы елімізде ақ халаттыларға қарсы 300 қылмыстық іс қозғалған. Министрдің сөзінше, заңның кесірінен аз ғана олқылық үшін өз ісінің мықты мамандары жұмыстан кетіп жатыр. Тегін медициналық кепілдендірілген көмектің көлеміне 360 миллиард теңге жетіспейді. Қаржы көбінесе обыр дертін анықтауға, скринингтік тексерістерге жұмсалуы тиіс.
Сондай-ақ, мамандар жетіспеушілігі әлі байқалуда деді министр. Аймақтарда дәрігерлер тапшылығы 40 пайызға жетсе, алдағы 4-5 жылда қалған 60 пайызы зейнетке шығады. Сондықтан алдағы уақытта еліміздегі медициналық бөлімшелер саны 1,5 мыңға артады. Демек дәл сондай көлемде жаңадан дәрігер жұмысқа қабылданып, 4 жарым мың мейірбикені осы салаға тарту көзделіп отыр.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана