Алматыда енді кино түсіру оңайырақ болады. Жыл соңына дейін шаһарда құрылатын арнайы комиссия кинопродюсерлермен тікелей жұмыс істеп, қаладағы кинотүсірілімдерді ұйымдастырып берумен айналысады.
Голливуд мамандары түсірген The Lord of the Rings (Властелин колец) трилогиясын көрмеген жан бүгінде өте аз деп сеніммен айтуға болады. Фильм прокаттан 3 млрд долларға жуық табыс тапқан. Ал, әлем тұрғындарының көбі Жаңа Зеландияның сұлулығын осы фильм арқылы танып-білді. Миллиондаған адам киноның түсірілімі болған жерге жыл сайын ағылып жатыр. Мәселен, туынды жарық көргеннен кейін Жаңа Зеландияға баратын туристер саны 40 пайызға артқан. Онда фильмде қолданылған декорациялар қаз-қалпында сақтаулы тұр.
Алматы әкімдігі киномаркетинг саласын бізде де дамытуды қолға алды. Енді мегаполисте арнайы комиссия құрылмақ. Олар кинопродюсерлермен бірлесе жұмыс істейді. Яғни, түсірілімді ұйымдастыруға көмектеседі. Мәселен, қаладағы тарихи орындарда түсірілім жасауға, уақытша көшенің белгілі бір бөлігін жабуға септеседі. Комиссия бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істемек.
«Мысалы, мен продюсер ретінде Алматыда фильм түсіргім келді. Ол үшін алдымен кинокомиссияға толық сценариді көрсетемін. Қалада нақты не керектігін түсіндіремін. Содан кейін ол ұйым жауапты департаментпен келісім жүргізеді. Біз алдымен уақытты үнемдейміз. Әр органға, мекемеге өтініш хат жазудың да қажеті болмайды», - дейді продюсер Эрнар ҚҰРМАШЕВ.
Бұл жұмыстардың барлығын «Алматы фильм» комиссиясы істейді. Мамандардың айтуынша, кинопродюсерлерге жәрдемдесетін ұйымдар әлемнің 40-қа жуық елінде бар екен.
«Фильм түсіру барысында уақыт өте қымбат. Ал, ұйымдастыру мәселесі тез шешіліп отырса, ол бізге үлкен көмек болады. Негізі продюсерлердің жағдайын жасайтын ұйым жас режиссерлерді қолдаумен қатар, қаланы жарнамалауға үлкен мүмкіндік туғызады», - дейді америкалық продюсер Дрю Фэлмэн.
«Алматы фильм» комиссиясы түсірілімдерді ұйымдастырып қана қоймай, қаланың имиджін көтерумен де айналысады. Киногерлердің сөзінше, қалада түрлі жанрда кино түсіруге толық мүмкіндік бар.
«Продюсерлер осы қалаға келіп, құны 100 миллион долларға дейін жететін фильм түсіреді. Мегаполисте техникаларды, декорацияларды және транспортты жалға алады. Мұның барлығы экономиканың дамуына да көп септесетіні сөзсіз», - дейді продюсер Эрнар Құрмашев.
Кинокомиссия осы жылдың соңына дейін жұмысын бастайды. Енді бірнеше жылдан кейін Алматыға да Жаңа Зеландияға туристердің ағылғаны секілді әлем халықтарының көптеп келуі әбден мүмкін.
Өмір Әнуарбек, Алтыншаш Смагулова, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы