|
30.11.2018 | 16:05
5688

Алматының солтүстігі мен оңтүстігі жаңа эстакада арқылы қосылды

Алматының солтүстігі мен оңтүстігі жаңа эстакада арқылы қосылды

Алматыда Назарбаев даңғылы Райымбек даңғылынан Жансүгіров көшесіне дейін ұзартылды. Оның ашылуына бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек арнайы барды.

Жаңадан салынған жолдың жалпы үзындығы 1400 метрді құрайды. Оның 400 метрін эстакада алып жатыр. Жол құрылысына 7 млрд теңге жұмсалған. Мегаполис басшысы соңғы жылдары қаладағы жол сапасының жақсарып, орталықтағы 10 көшенің бір бағытқа өзгергенін атап өтті.

«Назарбаев даңғылын ұзарту арқылы біз көлік жүргізушілерін, әсіресе, Алматы-1 тұрғындарына қолайлы жағдай жасап отырмыз. Яғни, Алматы-1 мен Алматы-2-ні байланыстыратын бұл жол екі ортада қатынайтын халықтың уақытын үнемдеп, сауда, бизнес және экология салаларына оң әсерін тигізбек және бұл – Тұңғыш Президент күні қарсаңында мегаполистегі көлік жүргізушілеріне үлкен тарту», - деді Бауыржан БАЙБЕК нысанды көру барысында.

Назарбаев даңғылын ұзарту жұмыстары 2016 жылы басталған болатын. Екі жыл бойы мұнда 500-ге жуық адам еңбек етті. Ал, жақын арада бұл жерге аялдамалар салынып, қоғамдық көліктер қатынайтын болады. Аталған жолдың қолданысқа берілуі – қаладағы көлік қозғалысына айтарлықтай оң әсерін тигізеді дейді жауапты басқарма өкілдері.

«Осы жолдың іске қосылуымен Сүйінбай даңғылы және Сейфуллин даңғылының көліктік жүктемесін 10-15 процентке дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жол қаланың орталық бөлігін солтүстік аудандармен жалғайды. Мысалы, қаланың орталығынан Алматы-1 теміржол вокзалына дейін немесе Қапшағай күре жолына дейін, Айнабұлақ шағын ауданына дейін жолда жүру уақыты қысқарады», - дейді Алматы қаласы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Ернұр ӘБЖАХАН.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир