Еліміздегі сот процесіне әлемнің кез келген түкпірінен онлайн қатысуға болады

 Еліміздегі сот процесіне әлемнің кез келген түкпірінен онлайн қатысуға болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұдан былай азаматтарға сот процесіне қатысу үшін сот залына келудің қажеті жоқ. Цифрландыру бағдарламасы арқылы сот процесіне әлемнің кез келген түкпірінен онлайн қосылуға болады. Жаңа жүйенің артықшылықтары мен ұтымды тұсы қайсы?  

Алматы қаласының Алмалы аудандық №2 сотында ерекше сот процесі өтуде. Судья сот залында. Ал сотқа қатысушы тараптың бірі осы аумақтан 1500 шақырым қашықта. Цифрландыру аясында заманауи технологияны пайдалана отырып, Алматы қалалық соттары ендігі таңда «айшылық алыс жерлерден» мынадай телеэкран арқылы тікелей байланысқа шықпақ.

Павлодар облысы Черноярка ауылының тұрғыны бүгінгі сот залына «онлайн-режимде» байланысқа шықты. Ол ұялы телефоны арқылы «True Conf» бағдарламасына тіркелген. Екінші тарап сот залында. Мұндағы барлық процесс панорамалық камера арқылы 360 градусты қамтиды. Ал аудио және бейнежазбалар толық сақталады.

«Бұл жүйе арқылы азаматтар ең алдымен өзінің уақытын үнемдейді. Тек Қазақстан емес, әлемнің кез келген түкпірінен сот залына тікелей қосылуға мүмкіндік бар. Ісі қаралып жатқан кез келген тарап бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Бұл жүйе Алматы қаласынан алыс аймақтарда тұратындар үшін өте ыңғайлы болып отыр», – деді Алматы қалалық сотының судьясы Надежда КАРАЛУППА.

Бүгінде Алматы қаласындағы 156 кабинетте виртуалдық процесс өткізуге мүмкіндік бар. Ал қашықтан байланысқа шығар уақытта интернет желісінде мәселе туындаса, өзіне жақын аумақтағы сот залына баруы тиіс. Кез келген азамат өзі қатысқан процестің көшірмесін бір жылдың көлемінде ала алады. Тұрғындар бұл жаңашылдық оң өзгерістерге бастайды деп отыр.

«Бұл жүйемен танысқаныма әлі көп болған жоқ. Мобильді қосымша арқылы сот залына қосылу – үлкен жетістік деп білемін. Себебі, қазір көп сот цифрландыруды жүзеге асыруда. Бүгінгі сотқа мен келмесем де болар еді, Алмалы соты маған жақын болғандықтан қатыстым», – дейді Әлімжан АЛДОҢҒАРОВ.

Цифрлы Қазақстан бағдарламасы арқылы жүзеге асып жатқан жобалардың ішінде «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі де өз нәтижесін беруде. Азаматтар шағымдарын немесе өздеріне қатысты кез-келген ақпаратты интернет арқылы көре алады.

«Біз сот пен сотты қосу арасында бір күнде кемінде, 10 процесс өткіземіз. Ал КУИС-тармен күніне 5-6 процесс өтеді. Қазіргі таңда пилоттық жобада «Мобильный» телефон арқылы гаджет, телефон құрылғылары арқылы қосыла аламыз. Ол құрылғылардың барлығы басылады. Біздегі негізгі залдағы компьютерге бірінші басылады, компьютерден кейін ол автоматты түрде репликация серверге кетеді, серверден жоғарғы соттың серверіне кетеді. Ол айрықша қорғалған», – деді Алматы қалалық соттарының Ақпараттық технологиялар және ақпараттық қорларды қорғау бөлімінің басшысы Мейрамбек ТҰРҒАНБАЕВ.

Алматы қалалық соттарына арызданған азаматтардың 80 пайызы «Сот кабинеті» арқылы шағым түсірген. Ал «Виртуалды сот» жүйесі бойынша 20 шақты шағым қаралған. Ендігі таңда электронды сот жүйесі бойынша сыбайлас жемқорлық пен заңбұзушылықтар деңгейі азая түспек. Себебі, сот процесінде жазылған аудио және бейнежазбалардың барлығы Жоғары сотқа жіберіледі.


Гүлшырын Серікқызы, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы телеарнасы»


Новости партнеров