Қарттарды тегін тамақтандыратын кәсіпкер байқау жеңімпазы атанды

02.10.2018 20:24

Қарттарды тегін тамақтандырып жүрген алматылық Расима Темербаева «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобасы» байқауында бас жүлдеге ие болды. Республикалық конкурсқа биыл 318 өтінім түскен. Биылғы қатысушылардың саны былтырғыға қарағанда екі есеге көп. Байқау жеңімпазына 3 миллион теңге табысталды.

Расима Темербаева кішкентай кезінен бері қарттарға қамқорлық жасағанды ұнатады екен. Зейнеткерлерге тегін тамақ тарату жобасын әбден пісіріп, пысықтап қана бастаған. Қайырымды істі бірден бастап кету оңай болмапты. Алдымен біліктілігін арттырып, тәжірибе жинаған. Сөйтіп, 2015 жылы Жандосов пен Айманов көшелерінің қиылысында егде жастағы адамдарға тегін түскі ас таратуды бастайды. Жобаның мақсаты – тек түскі ас тарату емес, қарттарды үйлерінен шығарып, бір-бірімен араластыру, оларға көңіл бөлу дейді қайырымды жан.

«Зейнеттегі адамдар тамақтануға уақытылы келіп тұрады. Сырттай қарағанда, барлығының көңілдері көтеріңкі. Осы күні егде жастағы адамдарға көбірек көңіл бөлу керек. Олар тек тамақтарын алып кетіп қалмайды. Осында тұрып әңгімелеседі, танысады. Тіпті, бір-бірінің үйіне қонаққа баратындары да бар», – деді жоба ұйымдастырушысы Расима ТЕМЕРБАЕВА.  

Алматыда мұндай әлеуметтік жобаны қолдайтындар да көп екен. Қайырымды жандар азық-түлікке күнделікті қаражат аударып отырады. Қазір күніне жүзден астам тегін түскі ас таратылады. Қарт кісілердің көпшілігі қант диабетіне неме¬се өзге де созылмалы ауруларға шалдыққандықтан, көбінесе диеталық тағамдар дайындалады. Бір мәзір күнде қайталанбауы керек дейді жоба авторы. Келушілердің дені жалғызілікті қариялар. Зейнеткерлер тегін дәмге дән риза.   


Тек ас ішу үшін ғана емес, бір-бірімен сырласып, мұңдасып қайтатын қариялардың бірі: «Түскі асқа күнделікті келемін. Мұндағы тамақтар өзіме ұнайды. Осындай орындар қаланың барлық ауданында ашылса, тіптен жақсы болар еді» десе, енді бірі: «Менің зейнетке шыққаныма бірнеше жыл болды. Жалғыз тұрамын. Күнделікті осында келемін. Бұл жерде өзім қатарлас адамдармен сөйлесіп, уақытты жақсы өткізуге болады», деп ризашылықтарын білдірісті.

Расима Темербаеваның адал ісі республикалық байқауда «Үздік әлеуметтік жоба» атанды. Бас жүлдеге 3 миллион теңге табысталыпты. Бұл ықылас жоба авторын қанаттандыра түскен. Енді болашақта зейнеткерлерге арналған тегін асханалар желісін ашуды жоспарлап отыр.


Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы