Алматыда Әуезов ауданында келесі жылы «Сарыарқа» және «Арыстан» базарларын қайта жаңғырту басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келесі жылы «Сарыарқа» және «Арыстан» базарларын жаңғырту басталады. Олардың орнында жер асты паркингі бар, жайлы заманауи сауда орталықтары пайда болады. Осылайша, ауданда Президенттің бизнеске қолайлы жағдай жасау жөніндегі бастамасы жалғасын табады», - деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаев.
Әкімнің айтуынша, ауданда 5 базар бар, оның біреуі «Ақсай 3» базары қайта жаңғыртылып, оның орнында заманауи сауда үйі тұрғызылды.
«Арыстан» базарына сәулеттік жоспарлау тапсырмасы берілді. Мақұлданған эскиздік жобасы да дайын. Жаңғырту 2019 жылдың екінші тоқсанынына жоспарлануда. Біз эскиздерді қазір қаламен келісетін боламыз, бұл барлық стандарттарға сай келетін заманауи сауда үйі болады. «Сарыарқа» базарына келер болсақ, эскиздік жобаны көрдік, 2019 жылдың үшінші тоқсанында 2020 жылдың басында аяқталуы мүмкін. «Сарыарқа» базарының Алтынсарин көшесіне қарайтын бөлігінде келесі жылы жөндеу жұмыстарын бастайды», - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, жыл басынан бері ауданда «OBI» неміс брендінің гипермаркеті сияқты жаңа бизнес нысандары іске қосылып, 6,3 млрд.теңге инвестиция салынып, 240 жаңа жұмыс орны ашылды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі
2020 жылға қарай қаланың барлық базарлары қазіргі заманға сай болуы тиіс деп мәлімдеген болатын.