Ақтөбе облысы темір ауданының тұрғыны Айтбай Алмағанбетовтың денесінде пулемет оғы 63 жыл бойына тұрған, деп жазады zakon.kz.
Ардагер соғыс жылдары денесіне кірген оқты сезбепті. Денесінде жүрген темір қарт жауынгерді 60 жылдан кейін ғана мазалаған.
Мұндай оқиғамен қалай кездескендерін аудандық аурухананың бас дәрігері де баяндап берді.
«1942 жылы Ұлы Отан соғысы ардагерінің оң жақ иығынан пулеметтің оғы рикошет болып тиген. Себебі, оқтың басы майысып тұр. Әскери госпитальға емделіп шыққаннан кейін қайтадан соғысқа кірген. Сол оқ еттің арасымен қозғалып, 1960 жылдары шынтақ буынына келіп тіреледі. Өйткені шынтақ буынын бүге алмай қалған. Бірақ бұл кісі санаторийге барып, сол жерде массаж алған. Осы процедурадан кейін шынтақ буыны бүгіле бастаған. Өйткені, оқ әрі қарай өтіп кеткен болуы керек. 2005 жылы 9 мамыр қарсаңында ол кісі аудандық бас дəрігердің орынбасары, хирург Мұхтар Елеусінұлына қаралды. Оң жақ білегінің ортаңғы бөлігінде ісік пайда болған. Хирург ісіктің үстінен жергілікті анестезия арқылы кесіп, ревизия жасалған кезінде осы оқ шықты», — дейді Темір аудандық орталық ауруханасынының бас дәрігері Есентемір Демегенов.
63 жыл бойына соғыс ардагерінің денесінде жүрген оқ қазір аудандық мұражайда тұр.