Астанада аязда оқушыны автобустан түсіріп кеткен. Бұл туралы оқушының анасы әлеуметтік желіде айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Астана тұрғыны Facebook желісіндегі «Астана - Что?Где?Когда?» тобында таяуда ұлының көлік картасында қаражат жеткіліксіз болуына байланысты автобустан түсірілгені туралы шағым білдірді.
«Он жастағы ұлым Ақжайық ықшамауданында №102 автобусқа мініп, Министрлер үйіне бара жатқан. Валидация кезінде оның картасында қаражат жеткіліксіз екені анықталған. Картадағы қаражаттың қайда кеткені бөлек мәселе, мен оның да түбіне жетемін. (...) Қазіргі уақытта мені мына мәселе мазалайды: 20 градустық аязда 4-сынып оқушысын автобустан түсіріп кеткен кондуктордың не ойлағаны бар?», - деп жазды Айша Мұқашева.
Оның айтуынша, ұлы телефонмен хабарласып, оны алып кетуін өтінген.
«Қоғамдық көлік қызметкері неліктен осындай әрекетке барды? Неліктен ол ата-анасын жауапқа тартпады? Баланың картасын алып кетіп, неге айыппұл салмады? Қоғамдық жауапкершілік ғұрпын сақтауы керек еді, оның орнына ол баланы Астананың суығына тастап кетті», - деді Айша Мұқашева жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниядағыларға.
«Мен өз кінәмді білемін, баламның картасын тексеріп алуым керек еді, оны жасырмаймын. Алайда бұл картадан кейде ақша өздігінен жоғалып жатады. Сонымен қатар, «Астана LRT» басшылығын кәмелетке толмағандар, яғни ересек адамның қарауынсыз жүрген балаларға қатысты басқа шара қолдануға шақырамын, әсіресе, қатты аязда», - деп түйіндеді қала тұрғыны.
«Астана LRT» баспасөз қызметінің өкілдерінің айтуынша, оқушыны түсіріп кеткен автобус пен бақылаушыны әлі таппаған. Алайда автобус парктері үшін қаражат жетпеген жағдайда оқушыларды автобустан түсірмеу туралы жарлық бар екен.
«Біз тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қандай автобус екенін анықтаймыз. Әзірге жазбада айтылған автобус пен бағытты таппай жатырмыз. Осы бағытта жүретін автобустар кондукторсыз жүреді. Осы дерек расталатын болса, қызметкер жазаға тартылады, жұмыстан да шығарылуы мүмкін. Сол себепті қарашада барлық автопарк үшін қатты аязда оқушыларды автобустан түсірмеу туралы үкім шығарған болатынбыз. Олар тек жеке мәліметтерін жазып, кейін оны Астана LRT өкілдеріне беріп, баланың ата-анасымен сөйлесу үшін. Барлық кондуктор мұны біледі», - деді компанияның баспасөз қызметінің өкілдері.