Алматыда балаларынан алимент талап еткен ата-аналар саны артып барады

12.10.2018 21:30

Туған баласынан алимент сурауға мәжбүр. Жыл басынан бері Алматы қаласында 130-ға жуық ата-ана балаларынан алимент алуға арыз берген. Олардың көпшілігі – зейнеткерлер мен көмекке мұқтаж жандар. Еңбекке жарамсыз қарттардың зейнетақысы дәріден артылмайды екен.  

Жасы 80-ге таяған Әшім ақсақалдың 4 баласы бар. Өзі жоғары білімді, инженер-механик болып қызмет жасаған. Ұл-қызын аяқтандырып, бейнетінің зейнетін көретін шақта арадағы байланыс үзілген. Ал әйелімен заңды түрде ажырасқанына 20 жылдан асыпты. «Балаларымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіремін деп жүріп осылай боларын күтпеген едім» дейді ақсақал.

«Өндірістік-техникалық бөлім басшысы, шеберхана басшысы болып жұмыс істегенмін, балаларым ешқандай таршылық көрмей өсті. Солар ешкімнен кем қалмасын деп, қолымнан келгеннің бәрін де істейтін едім. Балаларымда бәрі де болды», – дейді Әшім ЕГЕНБЕРДИЕВ.

2 жыл ғұмырын Қарттар үйінде өткізген қария қазіргі таңда қала сыртындағы жеке үйде тұрады. Үй қожайыны ақсақалдан ауланы күтіп-баптау, үйдің қосымша жұмыстарымен айналысу сияқты шаруаларды ғана талап етеді екен. Қарияға 3 мәрте операция жасалған. Сондықтан дәрі-дәрмектен артылған ақшасы азық-түлігіне әрең жетеді екен.

«14 жылдан бастап 12 АЕК көлемінде ақша алатынмын, бірақ операция жасатқан соң бара-бара ол ақша жетпейтін болды. Алдыңғы жылы, 2017 жылы балаларымды сотқа бергенмін. «Орбита» ықшамауданында «Әділ заң» деген  мекеме бар. Сол арқылы арыз жазып, 25 АЕК көлемінде ақша талап еттім, бірақ сот 20 АЕК деп жазды. Өйткені, балаларым «біздің балаларымыз бар, бағып-қаққанға жетпейді» деп сылтау айтқан соң, 20 АЕК-ке келіскенмін. Содан бері, шілде айынан бері тиісті соманы төлеп келе жатыр. Оның өзінде, соңдарынан жүгіріп жүріп, әрең аламын», – дейді Әшім ЕГЕНБЕРДИЕВ.

Іске ешқандай сотты араластырғысы келмейтіндер ай сайын берілетін қаржы көлемін жазбаша түрде қалдырады. Ал құжаттар сауатты толтырылуы үшін заңгерлер тегін көмек көрсетеді. Мамандардың айтуынша, жәрдемақы көлемі екі тараптың да материалдық жағдайына байланысты қойылады.

«Алимент ай сайын беріледі және сот оны балаларының жұмысына, отбасылық жағдайына қарай тағайындайды. Заң бойынша максималды немесе минималды алимент көлемі бекітілмеген. Дегенмен, алимент тек екі жағдайда беріледі, яғни балалары кәмелеттік жасқа толған және жұмыс жасауға қабілеті болуы керек. Ондай арыздарды сот кері қайтармас үшін өте сауатты толтыруы керек. Шағымданушылардың барлығы көмекке мұқтаж болғандықтан, өздері тұратын аймақтағы заңгерлер алқасына барып, тегін көмекке жүгіне алады», – деді заңгер Серік БЕРКАМАЛОВ.

Айта кетейін, бұл жәрдемақыны ата-ана құқығынан айырылғандар пайдалана алмайды. Ал жыл басынан бері жеке сот орындаушылардың көмегіне жүгінгендер де аз болмаған.

«Неке және отбасы» туралы кодексте көзделген бірнеше баптардан, 145-бапта міндеттер көзделген. Негізі, жеке сот орындаушылардың қолдарында бүгінгі таңда 51 атқарушы өндіріс бар. Ол атқарушы өндірістер сот арқылы қаралып, мәжбүрлі түрде орындатуға жолданған. Алимент төлеу міндетінен жалтарған тұлғаларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартса болады», – деді Алматы қаласы Әділет департаментінің Жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бекдияр РОМАНКУЛОВ.

Алматы қалалық сотына балаларынан алимент өндіріп алу бойынша 2017 жылы небәрі, 21 арыз-шағым түскен болса, биыл ол көрсеткіш 6 еседен асып отыр. Яғни, ағымдағы жылдың 9 айында 130 арыз-шағым түскен. Жыл басынан бері дәл осындай сот залында 48 ата-анаға балалары алимент төлеуге міндеттелген.


Гүлшырын Серікқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы