ШаҺардың шежіресіне айналған «Вечерний Алматы» газетіне 50 жыл, ал оның қазақша нұсқасы – «Алматы Ақшамы» газетіне 30 жыл.
Ә. Қастеев атындағы мұражайда қала тарихынан сыр шертетін, оқырманның көңілінен шыққан басылымдардың жылдар бойы жинаған материалдарының көрмесі ашылды. Көрмеге фототілшілердің 80-нен астам жұмысы қойылған.
«Әрине 30 деген де үлкен дәуір. Бұл да бір кезең. Мерейтой деген жақсы ғой, әрине. Дегенмен, соны интелектуалды бағытта, жұртқа ой салатындай етіп өткізсек деп ойлаған едік. Сондықтан бүгін екі газеттің фотокөрмесін ұйымдастырып отырмыз», – деді «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали СӘРСЕНБАЙ.
Көрмедегі ескі мұрағаттағы суреттерді жинау үшін 3 айдан аса уақыт кетті дейді ұйымдастырушылар. Мұндағы әр суреттің өзіндік естеліктері бар. Көрмеге келген фототілшілер өздерінің жұмыстарын көріп, ескі Алматыны еске түсірді. Мұндағы бұрынғы цирк бейнеленген суретке қарап, қаламыздың қаншалықты өзгергенін байқауға болады дейді келушілер. Айта кетейік, көрме екі күнге созылады.