Классикалық тағы бір ертегі қазақ тіліне аударылды. Алматы және Астана қалаларында бір уақытта «Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті.
Көркем туындыны қалың көрермен 8 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көре алады. Анимациялық фильм желісі қызықты өрбіп, кейіпкерлері мейірімді және әділ болуға үндейді. «Дисней» студиясының төл туындысын «Болашақ» корпоративтік қоры қазақ тіліне тәржімалаған.
Айта кетсек, туындының дубляжына 40 кәсіби актер қатысқан. Фильмді тамашалауға қала басшысы Бауыржан Байбек арнайы келді. Ал келесі жылы әлемге танымал тағы 5 туынды қазақ тілінде сөйлейтін болады.
«Біз Елбасының саясатын қолдап, ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне «Дисней» фильмін аударуды қолға алдық. Соның нәтижесінде, 7 жылдың ішінде 27 голливудтық блокбастерді қазақ тіліне аудардық. 100 сағаттан астам керемет контенті бар. Бүгін қайырымдылық көрсетілімі. Одан түскен ақша жетім балаларға жіберіледі. Интернет арқылы 25 фильмді онлайн түрде тегін көруге болады. Ол да қазақ тілінің өркендеуіне үлес қосатын қадам, Елбасы саясатының қолдау мақсатындағы үлкен жетістік деп білемін», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
«Шақылдақ және төрт патша» фильмінде басты кейіпкер – Клараның рөлін дыбыстадым. Еш қиындық болған жоқ. Өйткені, өзімнен 5 жас қана кіші қыз екен. Өзімнің даусыммен дыбыстай бердім. Кастингтен өттік. Кастингке 5 қыз қатыстық. Дисней мені таңдап алды. Дубляж барысында жаңағы кейіпкер сұлу қызға тамсанумен болдым. Өзі сондай тартымды, ержүрек кейіпкер», – дейді дубляж әртісі Айкөркем ӘДІЛГЕРЕЕВА.