Алматыдағы «Целинный» кинотеатры ірі мәдени орталық болып қайта ашылды

Алматыдағы «Целинный» кинотеатры ірі мәдени орталық болып қайта ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Целинный» кинотеатры 2020 жылы қайта ашылады. Заманауи мәдениет орталығы болып жұмысын бастайтын нысан осы уақытқа дейін түрлі мақсатта жұмыс істеп келген. Енді жауаптылар ғимараттың рухани құндылығын арттырмақ ниетте. Қараша айында күрделі жұмыс басталады, ал оған дейін алматылықтар мен қала қонақтары осы ғимаратта орын тепкен керемет көрменің куәгері болады.  

Алматының інжу-маржаны саналған «Целинный» кинотеатры өз заманында миллиондаған көрермен жинаған. Бір мезетте 1536 адам үлкен экранға кіріп кететіндей әсер қалдырған. Деректерге сенсек, 82-ші жылы кинокөрсетілімдерді 2 миллионнан астам адам тамашалапты. 1964 жылы типтік жоба арқылы салынған нысанға кеңестік сәулетші Владимир Кацев өзгеріс енгізген. Айтпақшы Владимир Кацев сол уақытта Алматыдағы айшықты нысандар: Алматы циркі, «Медеу» мұз айдыны, Балуан Шолақ спорт кешені бой көтергенде, құрылыстың басы-қасында жүрген негізгі мамандардың бірі болған.

«Бұл ғимарат Мәскеуден жіберілген типтік жоба бойынша салынған. Оны Қазақстанға бейімдеп салу менің әкеме тапсырылыпты. Содан болар, ол өзінің досын, танымал суретші Евгений Сидоркинді шақырыпты. Оның қолынан мына әдемі сграффито шыққан. «Целинный» үлкен залы бар ірі кинотеатр болатын. Залға лық толған халықты көргенім есімде», – деді кеңестік архитектор В.Кацевтің қызы Марианна ПОКРОВСКАЯ.

Евгений Сидоркиннің авторлық сграффитосы жөндеу жұмыстары кезінде табылған. Ол 2000-шы жылдары жоғалған суреттердің қатарында еді. Сол кезде үлкен кинозал екіге бөлінді, кіреберісті жөндеп, қосқабатты етіп жасаған.

«Ғимараттың оңтүстік жағында аталмыш сграффитоның көшірмесі қойылған. Бірақ дайындық жұмыстарын бастаған кезде Сидоркиннің өз қолынан шыққан туындысын тапқанда, қатты қуандық. Жоспарымызда бұл панноны осы қалпында сақтап қалу тұр. Тіпті, кем кетік жерлерін қалпына келтіруіміз мүмкін», – деді «Целинный» заманауи мәдениет орталығының» жоба жетекшісі Жәмилә НҰРҚАЛИЕВА.  

Соңғы екі онжылдықта бұл ғимарат қожайынын бірнеше рет ауыстырған. Сәйкесінше, әрқайсысы өзіндік өзгерістерді алып келуге тырысқан. Бұл жерде мейрамхана да, тіпті түнгі клуб та өз уақытында қызмет атқарған. Енді заманауи мәдениет орталығындағылардың алдында тұрған басты міндет – ғимараттың рухани құндылығын арттырып, бастапқы кейпін қалпына келтіру.

«Целинный» заманауи мәдениет орталығы – Қазақстандағы алғашқы жобалардың бірі. Күрделі жөндеудің алдында, қыркүйекте мұнда үш бөлімнен тұратын «Бастау» көрмесі өз жұмысын бастады. Бұрынғы кинозалда «Ашық архив: Алматы» экспозициясы қойылған. Бұл жерден қаладағы айшықты деген 20 ғимараттың сәулетімен, тарихымен, таспаға түскен бейнелермен танысуға болады. Ал бұрынғы түнгі клубтің орнында Орталық Азия елдері суретшілерінің туындылары орын тепкен.

«Біз ғимаратты барлық сәулеттік қырынан көрсеткіміз келді. 64-ші жылғы кейпінен бастап, түрлі өзгеріске түскен кезеңдерін қамтысақ дейміз. Артынша табылған сграффитоны тауып, екінші қабаттың бағаналарын қалдырдық. Ғимарат пайдалануға берілгеннен бастап қандай өзгеріске түскенін, қасбеті қалай өзгергенін мынадай сызбалармен көрсеттік», – дейді көрме кураторы, архитектор (Мәскеу) Екатерина ГОЛОВАТЮК.

«Целинный» кеңістігі келешекте нағыз мәдениет ошағы ретінде пайдаланылады. Оны жобалаумен британдық сәлетші Асиф Хан айналыспақ. Нысан әмбебап бағытта қызмет етеді. Ал басты міндет – кинотеатрдың мәдени бағыты мен ескі келбетін қалпына келтіру.


Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров