Алматыда өткен «Әлем барысында» ең мықты палуан анықталды

04.12.2018 21:40

Алматыда дүниежүзінің ең алып палуандары өзара кім мықтыны анықтады. Осымен Қазақстанда үшінші рет өткізіліп отырған «Әлем барысы» Балуан Шолақ спорт кешенінде ұйымдастырылған. Дүбірлі доданың жүлде қоры да қомақты. Бірінші орын алған апайтөс палуанға алтын белбеу мен 10 миллион теңге табысталды. Сонымен, 2018-ші жылдың «Әлем барысы» кім?  

Осы жолғы «Әлем барысы» сайысына 29 елден 34 палуан қатысты. Жарыстың ережесі бойынша спортшының салмағы 90 келіден кем болмауы керек. Қазақстанның намысын 5 бірдей палуан қорғады. Алғашқы айналымда отандасымыз Руслан Әбдіразақ ирандық қарсыласына есе жіберіп алды.

Байрақты бәсеке олимпиада жүйесі бойынша өтті. Яғни, ұтылған адам бірден жарыстан шығып қалады. Осылайша, алғашқы айналымда біздің екі спортшы жарыс жолында сүрінді.      

«Әлем барысының» ширек финалдық кездесуіне еліміздің 3 спортшысы өткен болатын. Соның бірі – Ерсұлтан Мұзафаров.

Ерсұлтан Мұзафаров Тәжікстан палуанын ұпай санымен ұтып, келесі айналымға жолдама алды. Жартылай финалда ресейлік Роман Бобиковтан басым түссе, Айбек Нұғымаров гүржі палуаны Гурам Тушишвилиді жеңді. Сөйтіп, ақтық сында екі қазақстандық спортшы белдесті.

Финалдық кездесу өте тартысқа толы болды. 4 минутқа созылған белдесу көрермендердің де делебесін қоздырды. Жиналғандар Ерсұлтанға жанкүйер болғанымен, Айбек Нұғымаров қарсыласынан басым түсіп, жеңіске жетті. Осылайша, Айбек екінші рет «Әлем барысы» атанды.    

«Бүгінгі жеңісімізді біздің Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнаймын. Өйткені, ол кісі қазақ елін әлемге мойындатқан адам. Жеңісімді сол кісіге арнаймын», – деді «Әлем барысы–2018» жеңімпазы Айбек НҰҒЫМАРОВ.

2018 жылдың «Әлем барысы» атанған Айбек Нұғмаровқа 10 миллион теңге мен алтын белбеуді Алматы әкімі Бауыржан Байбек табыстады. Күміс жүлде тағы бір қазақстандық спортшы Ерсұлтан Мұзафаровқа бұйырды. Ал ресейлік Роман Бобиков үшінші орынды қанағат тұтты. Қала басшысы ұлттық болмысымызбен біте қайнасқан қазақ күресіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, кеңінен насихатталып жатқанын айтты. Сонымен қатар, шара барысында Алматы әкімі Түркияда өткен сурдлимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға пәтер кілтін табыстады.

«Осындай мемлекеттік мерекелер қарсаңында Елбасымыздың тапсырмасы бойынша Самсун қаласында өткен 23-ші жазғы сурдлимпиада ойындарының қол жүлдегерлері Қайрат Ханшонху мен Асылжан Тажиевке қазақ елінің даңқын әлемге танытқаны үшін ризашылығымызды білдіріп, пәтер кілтін табыс етуге рұқсат етіңіздер», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.        

«Әлем барысы» палуандар сайысы Алматыда алғаш рет өткізіліп отыр. Жарыс дүниежүзінің бірнеше телеарналарынан тікелей эфирде көрсетілді. Осылайша 120 елдің 6 миллионға жуық тұрғыны байрақты бәсекені тамашалады. Еске салсақ, дүбірлі дода Тұңғыш президент күніне орай ұйымдастырылған.  


Өмір Әнуар, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы