Алматы барахолкасының аумағында 7 сауда дүңгіршегі өртеніп кетті

04.12.2018 21:39

Алматыда тағы да өрт шығып, бірнеше кәсіпкерді шығынға келтірді. Тілсіз жау бүгін түсте Жетісу ауданындағы «Сабыржан» супермаркетінен тұтанған.  

Қызыл жалын сауда орнына жапсарлас салынған бутиктердің бірінен тұтаныпты. Мұны көрген саудагерлер дереу тауарларын сыртқа таси бастаған. Дегенмен, өрт лезде жайылып, 150 шаршы метр аумақты жарамсыз еткен. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Дегенмен, қызыл жалынның кесірінен 9 дүңгіршектің күлі көкке ұшты. Оның жетеуінің ішіндегі тауарлардың түгі қалмай өртеніп кетті.  Кәсіпкерлердің дені киім-кешек пен көлік бөлшектерін саудалаған.

«Тауар түсіріп жатқанмын. Бір кезде бірінші бутиктің жанынан «өрт» деп айғайлаған дауыс шықты. Дереу өрт сөндіретін құралымды ала салып сол жаққа көмекке жүгірдім. Есік алдындағы көліктерді итеріп, жолды ашып келсем, өзімнің сауда нүктеме де жалын тиіпті. Көлік бөлшектерін сататынмын. Тауарымның түгі қалмай жанып кетті. 5 млн теңгеден жоғары шығынға батып отырмын», – деп күйінеді кәсіпкер Рамис МАМЕДОВ.

«Түсте телефон шалып, өрт болып жатқанын хабарлады. Дереу алып-ұшып осында жеттім. Келсем ақша айырбастау пунктім түгел жанып кетіпті. Бізде бүгін демалыс болған. Сондықтан, кассада ақша жоқ еді. Бірақ нысан ішіндегі техникамыздың түгі қалмады. Шамамен, 15 млн теңге шығынға ұшырадық», – дейді тағы бір кәсіпкер Тельманбек ПАШАЕВ.

Қазір тілсіз жаудың неден шыққаны анықталып жатыр. Оқиға орнында мамандар тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Ал тауарларының түгі қалмай жанып кеткен кәсіпкерлерге шығынды кім өтейтіні белгісіз. Әзірге шығын көлемі де анықталған жоқ. Жалпы, төтенше жағдаймен күресуге 63 адам мен 17 техника жұмылдырылды. Айта кету керек, бүгін түнде Алматы облысындағы «Ащыбұлақ» құрылыс базарында да алапат өрт шығып, 43 контейнер жанып кеткен.