«Қорғас» арқылы өтетін жүк контейнерлері тасымалы 2 миллионға жетуі мүмкін

08.10.2018 22:37

2020 жылға қарай Қорғас «Құрғақ порты» арқылы жүк контейнерлерінің тасымалын 2 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Соңғы үш жылда Шығыс Азия аймағына қазақ шекарасы арқылы 200 мың контейнер тауар кетіпті. Бұл ақпарат қазақ-қытай шекарасының жұмысымен танысуға барған шетелдік дипломаттардың жиынында айтылды. Егер шетелдік инвесторлар шекара маңындағы 4 жарым мың гектар жерге орналасқысы келсе, мүлік және жер салығынан босатылады.  

Қатар қойылған мына алты рельстің үшеуі қытай, қалғаны қазақстандық вагондарға тиесілі. Қытайдан келген тауар осы жерден Орталық Азия, Батыс Еуропа елдеріне жөнелтілсе, Қазақстан тарапынан тиелген жүк Қытай арқылы Вьетнам, Корея, Жапония сынды Шығыс Азия елдері аймағына жіберіледі. Тәулігіне дәл осы жер арқылы орташа есеппен, он жүк пойызы жөнелтілсе, мына артымызда тұрған үш алып кран елу бес контейнерлік вагондардың жүгін бір сағатқа жетпей дайындап, тиеп береді екен.  

Рас, әзірге Қытайға кеткеннен гөрі, келіп жатқан жүк пойыздарының саны екі есе көп. Экономикалық аймақтың өндірістік әл-ауқатын арттырса, экспорт та көбеймек. Шекара шебіне жақын жерде әзірге араб елдерінің және көршілес Қытайдың ғана инвесторлары жергілікті бизнесмендермен бірігіп жұмыс бастаған. Астық, жем өңдейтін және бетон шығаратын зауыт пен «А» санатындағы қоймалардың құрылыстары жүріп жатыр. Қазақстандағы шетелдік елшілерді шалғайға апарудағы мақсат – экономикалық аймақтың әлеуетін көрсетіп, инвесторлар тарту.

«Байқасаңыздар өздері сұрақ қойып отырған өкілдердің арасында Еуропа елдерінің елшілері болды. Азиядан, тіпті, Латын Америкасынан келген өкілдер бар. Сонымен қатар, Балтық теңізі өңірінен келіп отырған өкілдер үшін бүгінгі көтеріліп отырған мәселелер өте маңызды. Өйткені, біз арқылы, Қазақстан арқылы олар өздерінің нарығына, өздерінің қызметтеріне жол тауып отыр», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ. 

«Қорғас» шығыс қақпасы арқылы өздерінің брендтік ішімдіктерінің Қытайға кетіп жатқанына қуанып тұрған адамның бірі –  грузиялық дипломат. Айтуынша, айналасындағы елдермен саяси қарым-қатынасы жақсы болмай тұрған Грузия үшін Ұлы Жібек жолындағы бұл жоба аса маңызды.

«Бұл жұмыстар Қазақстанның Ұлы Жібек жолындағы үлкен ойыншылардың бірі ретінде экономикасының қаншалықты өсіп жатқанын көрсетеді. Жоба Грузия үшін де маңызды. Еркін экономикалық аймақта грузиндік сусын, шарап, өзге де азық-түлік өнімдерінің қытай тарапына сатылып жатқанын көріп, қуандық», – деді Грузияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Зураб АБАШИДЗЕ.  

«Арнайы экономикалық аймақпен мұқият таныстық. Бұған дейін «Жібек жолы» жобасы туралы көп естуші едік, бүгін өз көзімізбен көріп отырмыз. Сіздердің жобаларыңыздың артықшылықтарын байқадық. Енді бұл мәліметтерді өз еліміздегі компанияларға жеткіземіз», – деді Ливан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жисар әл-ХУРИ.   

Қорғастағы экономикалық аймақтың аумағы 4,5 мың гектардан асады. Осы уақытқа дейін оның 680 гектарына инфрақұрылым толық тартылған. Үш жыл бұрын пайдалануға берілген «Құрғақ порт» арқылы Қытайдың 17 провинциясына, Вьетнам мен Оңтүстік Кореяға 200 мыңнан астам контейнер кеткен. Жоспар – дәл осы жер арқылы екі жылдың ішінде жүк тасымалын 2 миллион контейнерге жеткізу.

«Мына Қытай халқымен арадағы шекарамыздың ұзындығы 900 км. Сол жаққа өндірілген өнімнің бәрін өткізуге болады. Тек Қазақстанның өндірушілері емес, шетелдің өндірушілері де осы жерден қоймалар ашып, тауарларын арғы бетке сатуға мүмкіндік жасап жатыр. Кейін осы жерде «Қазақстан теміржолы» компаниясымен бірігіп, өз жағымыздың қаражаты арқасында барлық инженерлік инфрақұрылымды өткізіп беріп жатырмыз. Суы да бар, жолы да бар. Электрондық құжаттары да бар. Тағы басқа керек заттарды жеткізіп, зауыт, фабрика, қойма салу үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз», – деді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ. 

Қорғас жобасында негізгі операторлардың бірі саналатын «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамы басшыларының айтуынша, көлік логистикасын дамыту үшін шетелдік компаниялармен 1,7 миллиард доллардың келісімшартын жасасқан. Жүк тасымалын жоғарылату мақсатында әлемнің беделді порттық операторларымен келіссөздер басталған. Еркін экономикалық сауда аймағына барып тұрып, қажетті заттарын алуға уақыттары жетпеген дипломаттар пойыздың уақытына байланысты асығыс кері қайтты. Ал кеденде кезек күтіп кептеліп жатқан халықпен тілдесуге шекарашылар мүмкіндік берген жоқ. 

Әмірболат Құсайын, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы