Төл теңгеге – 25 жыл! Алматыда өткен VIII конгрессте әлемнің орталық банк басшылары мен белді сарапшылар бас қосты. Екі күнге созылатын шараға 20 шақты елден 300-дей қатысушы арнайы келді. Айтпақшы, биыл шара теңгенің мерейтойымен тұспа-тұс келгендіктен, өзгеше форматта өтіп жатыр.
Биыл қаржыгерлер конгресі ұлттық валютамыздың 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Шарада алғашқылардың бірі болып сөз алған премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев Елбасының құттықтау сөзін жеткізді. Мемлекет басшысы төл теңге Қазақстанның қаржы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді деді. Қазіргі таңда шетелден тартылған инвестиция көлемі 300 миллиард АҚШ долларынан, ал халықаралық қор 86 миллиард долларынан асқан.
«Қазіргі таңда құрылымдық және институтционалдық реформалар белсенді жүзеге асырылып, 3-ші жаңғыру басталды. Капиталға және ауқымды қаржылық қызмет көрсету жол ашатын Астана халықаралық қаржы орталығы құрылды. Бүгінде әлемдік экономикада қаржы жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде оңтайлы шешім іздеу, жаһандық диалог қажет. Конгресс сындарлы ой-пікір алмасатын, сондай-ақ елдеріміздің әл-ауқатын арттырып, орнықты дамуы үшін мемлекеттер арасында қаржылық ынтымақтастықты нығайтудың жаңа әдістерін әзірлейтін тиімді басқосу болады», – деді ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерболат ДОСАЕВ.
Қазақстанның банк секторында жағдай тұрақты. Конгрессте сөз алған еліміздің бас банкирі осылай деді. Еске сала кетейік, соңғы екі жылда 5 банк лицензиясынан айырылып, қызметін тоқтатқан болатын. Ұлттық банк басшысы бұл жағдайды корпоративтік стандарттар деңгейінің төмендігі, тәуекелді басқарудың нашарлығы, сондай-ақ, қарыздың қайтарылмайтынын алдын-ала білсе де жаппай тарату және қаржылық есепті қасақана бұрмалау себеп болды деп отыр. Дегенмен, дамуға сызат түскенімен, қазіргі жағдай түзелді деді Данияр Ақышев.
«Біз жағдайдың тұрақтанғанын көріп отырмыз. Қазір 28 банк жұмыс істейді. Несие беру деңгейі соңғы уақытта 7 пайызды құрады. 2018 жылдың қазан айында инфляция деңгейі соңғы 3 жылдағы ең төменгі деңгейде болды. Жылдық инфляция 12 ай бойынша 5,3 пайызды құрады. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 3 жыл бұрын болған», – деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.
Банк секторын сауықтырудағы саясатты Ресейдің бас қаржыгері Эльвира Набиуллина да қолдады. Айтуынша, көрші елде соңғы 5 жылда 400 лицензия қайтарылған. Олардың қатарында 30 шақты қаржы институты мен 3 ірі банк тобы да бар. Оған қоса, Ресейдің Орталық банк төрайымы қадағалаумен қатар, жағдайды реттеуге кеңес берді. Қаржы институтарын жаңа қауіп пен тәуекелдерге төтеп бере алатын етіп ынталандыру керек деген пікір білдірді.
«Қазіргі жағдайда сау қаржылық жүйені құру үшін реттеуші тарапынан қатаң тексеру жүргізбеске болмайды. Қазақстан да қаржы секторын сауықтырумен айналысып жатыр. Бұл қиын кезеңде бәрімізге соңына дейін жетуі керек. Дегенмен, ұлттық экономиканың тұрақты дамуында бұл өте маңызды», – деді Ресей Федерациясы Орталық банкінің төрайымы Эльвира НАБИУЛЛИНА.
Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық Банк қадағалау процесіне тәуекелге бағытталған тәсіл енгізуді жоспарлап отыр. Бұл алдыңғы қателіктерді қайтамалау үшін қолға алынбақ. Жаңашылдық АҚШ, Ресей және Беларусь елдерінде жүзеге асқан тәжірибе негізінде енгізіледі. Яғни, қарыз тек төлем қабілеті бар банктерге ғана беріледі. Сондай-ақ, қаржылық ұйымдар мен инвесторлар құқығы ерте кезеңдерде қорғалатын болады.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы